Түркістанда 5 мың кәуап пісіріліп, көпшілікке таратылды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай 5 мың дана кәуап әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда «Қазақстан – достық мекені» атты мерекелік іс-шара өтті.

Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына және 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған жиында көпшілік этномәдени бірлестіктердің ұлттық тағамдары мен қолөнер көрмесін тамашалады.

Мерекелік іс-шарада елдің рухын көтеретін әндер шырқалды. Қазақтың би өнері дәріптеліп, Сүгірдің термесі орындалды.

Сонымен бірге бауырлас халықтардың ұлттық әндері де мерекенің ажарын аша түсті.

Тайқазан үлгісіндегі 100 метрлік мангал құрылып, онда 30 аспаз бірігіп, дәмі тіл үйіретін кәуап пісірді.
Жұртшылық бірлік пен ынтымақ дастарқанынан дәм татты.
Достық пен бірлік, ізгілік пен еңбек насихатталған салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті мерекемен құттықтады.
«Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бірлік пен ынтымақ мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол бастайды. Бірліктің арқасында еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылыққа қол жеткізе білді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осы қысқа ғана уақытта облыс пен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды», деді Дархан Сатыбалды.
Мерекелік кеште Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздары жұртшылықты өнерімен тәнті етсе, мереке «Туған жер», «Бірлігіміз жарасқан» әндерімен түйінделді.



Соңғы жаңалықтар