Түркістанда 5 адамның өліміне себепші болғандардың кінәсін дәлелдеу үшін жеті ай тергеу жүрді
2022 жылғы 19 қаңтар 12:14

Түркістанда 5 адамның өліміне себепші болғандардың кінәсін дәлелдеу үшін жеті ай тергеу жүрді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында 5 адамның өліміне қатысы бар екі ЖШС директоры 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, өткен жылдың ақпан айында улы газдан улану салдарынан әйел мен оның кәмелетке толмаған 4 баласы қаза тапқан болатын.

Көпбалалы ана 41 жаста еді. Ал, ең кіші баласы 4 жаста.

Төтенше оқиғадан тек Шымкентте ем қабылдап жатқан отағасы ғана аман қалды.

Аталған іс бойынша тергеу шамамен жеті айға созылды. Түрлі сараптамалар жүргізіліп, дәлелдер жинақталды.

Нәтижесінде айыптау актісі бар іс сотқа жолданған болатын.

«Болашақта мұндай қайғылы жағдайды болдырмау мен алдын алу үшін біз аталған іс бойынша мұқият жұмыс істедік. ҚР ҚК 306-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Бірден сот-технологиялық сараптама тағайындадық. Нәтижесінде мамандар газ желілерін орнату және монтаждау 4.03-01-2011 ж. ҚР құрылыс нормаларына сәйкес келмейді деген қорытынды берді. Яғни, газ жабдықтарын орнату кезінде жауапты мамандар бірқатар қателік жіберген. Ең бастысы, тұтынушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген, ал бұл әрине, адам өліміне алып келеді», - деді облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасов.

Түркістан қаласының соты аталған іс бойынша үкім шығарды. Екі бірдей газ компаниясының директоры 4 жылға бас бостандығынан айрылды.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT