Түркістанда 5 адамның газдан уланып көз жұмуы: Сот отырысы басталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда газдан уланып, бір отбасының 5 мүшесі мерт болуына байланысты сот отырысы басталды. Алғашқы сот отырысында тұрғын үйге газ құбырларын кіргізген және жалған техникалық құжат жасаған екі фирманың басшысына айып тағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айыптау актісін оқыған прокурордың мәліметінше, ешбір жерде істемейтін екі дәнекерлеуші сол үйге газ құбырларын кіргізу жұмыстарын жүргізеді. Алайда шымкенттік фирма директоры ол жұмыстарды көрместен-ақ барлығын талапқа сай етіп, құжаттарын жасап берген. Екінші айыпталушы да құбырлар талапқа сай орнатылған және қауіпсіздік ережелері сақталған деп техникалық құжат жасап берген болып шықты. Сонымен қатар елімізде рұқсат етілмеген иран пешін орнатқанын жасырып, тіпті үйге газ иісін анықтайтын арнайы құрылғы қойылған деп құжатқа жалған мәліметтер толтырғаны анықталған. Қазір екі компания басшыларына қатысты Қылмыстық кодекстің 306 баптың үшінші бөлігі және 385- ші бапты 1-ші бөлігі бойынша айыптар тағылуда. Олардың кінәләрі дәлелденсе, төрт жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске салайық, Түркістанда 27-ші ақпан күні жеке үйлердің бірінен 41 жастағы анасы мен төрт перзентінің мәйіті табылған болатын. Арнайы жүргізілген сот-медициналық сараптама қортындысы марқұмдардың өліміне газдан улану себеп болғанын анықтаған.


Соңғы жаңалықтар