Түркістанда 15 өңірдің әкімдігі бірқатар нысандардың құрылысын жүргізеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанға арнайы сапармен келген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға қатысты. Облыс орталығын дамыту мәселесі талқыланған басқосуға өңір әкімі Жансейіт Түймебаев пен өзге де облыс басшыларының орынбасарлары, ұлттық компания өкілдері мен инвесторлар жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында сөз алған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының Түркістан қаласын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Оның сөзінше, қазіргі таңда Әкімшілік-іскерлік орталықта 672 гектар жерден 513 гектар жер мемлекеттік меншікке алынған. Олардың ішінде 48,4 гектар аумақта орналасқан бірінші кезекте салуынуы тиіс 13 нысанның жер телімдері толығымен босатылып, 7 нысанның құрылысы басталған. Ал, 88 бес қабатты тұрғын үйлердің құрылысы бойынша (2 724 пәтер, 200 мың шаршы метр) дайындық жұмыстары аяқталды.

«Тұрғын үй құрылысы «Түркістан ӘКК» қатысуымен жеке салушылар есебінен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Астана қаласының тапсырысы бойынша «Астана» алаңы салынатын болады. Оның құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айында басталып, 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Сонымен қатар, Түркістан қаласының рухани-мәдени аймағында «ҰӘҚ Самұрық қазына» АҚ тапсырысымен Қожа Ахмет Ясауи мұражай нысанының құрылысы басталды. Бұдан өзге, әуежайдың құрылысы бойынша жұмыстар атқарылуда. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті, ҚР Қорғаныс министрлігі және «Казаэронавигация» АҚ мақұлдаған Түркістан қаласындағы әуежайды салу үшін 905,3 гектар жер телімі бөлініп отыр», - деді өңір басшысы.null

Сондай-ақ, басқосуда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Күлтөбе тарихи орнын жаңғырту бойынша баяндама жасады. Жиында өзге облыс пен қала басшылығы өкілдері өздеріне тапсырылған нысандардың құрылысы жөнінде хабардар етті. Алматы облысының әкімдігі «Жастар сарайы» ғимаратының құрылыс жұмыстарын басталғанын жеткізсе, Ақтөбе облысы - «Әзірет Сұлтан» қорығында мәдени-демалыс нысандары салынып жатқанын атап өтті. Атырау облысы - ашық аспан астындағы мәдени-тарихи мұражайдың құрылысын бастамақ. Ал, Шығыс Қазақстан облысы - әуенді субұрқақ салуды көздеп отыр. Солтүстік Қазақстан облысы - олимпиадалық резервті дайындайтын облыстық спорт мектебін салуды жоспарлап отыр. Жамбыл облысы - «Әзірет Сұлтан» қорығына мәдени-тарихи визит орталығын тұрғызбақ. Батыс Қазақстан облысы - Тарихи-киелі орындар орталығының құрылысын жүргізеді. Бұдан өзге, Қостанай облысы - Қазақстан Халықтары Ассамблеясының ғимаратын, Қызылорда облысы - Шығыс моншасын, Маңғыстау облысы - Амфитеатрдың құрылысын бастайды. Елордасы Астана қаласы - «Астана» алаңының, Алматы - Медиа орталықтың, Шымкент қаласы - Облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылысын бастауда.

Жиын соңында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин баяндамашылар көтерген мәселелер назарға алынатынын айтып, Елбасы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласын дамыту үшін жауаптыларға құрылысты қарқындатуды тапсырды.null

Соңғы жаңалықтар