Түркістанда 10 мың орындық зәулім мешіт пен Ислам орталығы ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Сарыағаш ауданында сәулеті ерекше мешіт пен Ислам орталығы ашылды. Діни орталықтың ашылу рәсіміне жер-жерден 10 мыңға жуық халық жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құлшылық үйінің ашылу салтанатына Түркиядан келген мәртебелі мейман Нежметтин Ердоған Біләл мен Шешенстан Республикасы басшысының кеңесшісі Амруддин Эдилгерев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Өзбекстан мүфтиі Османхан қажы Әлімов пен Қырғызстан мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтамушов, Қазақстанның бұрынғы мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы мен ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, өзге де дін қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері және жамағат қатысты. Құран аятымен ашылған салтанатты шарада сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз әрбір адам өмірінде мешіттің алар орны туралы насихат айтты.

«Біз тасымызды түртіп қалсаң, тарих тұнған киелі байтақ жердің иесіміз. Осынау киелі кең далада мешіт салып, рухани құндылықтарымызды насихаттап келеміз. Осының бәрі Алланың қалауымен тәуелсіздігіміздің арқасында жүзеге асуда. Ғұламалар: »Мешіт – өмір ішінде, өмір – мешіт ішінде«, - деген. Демек, мешіт пен өмір – егіз ұғым. Біздің өміріміз мешітпен байланысты. Адамның жүрегі құлшылық үйінде жай табады. Онда қаншама уақытымызды құлшылықпен өткіземіз. Бауырды бір-бірімен қауыштырып, өзара имандасатын мекеніміз – мешіт. Елдің игілігі үшін жасалатын қайырымдылық пен ізгі істер де Алланың үйінде жүзеге асады. Жабырқаған жанның мейірімге бөленетін мекені де – мешіт. Сәби дүниеге келген сәтте оған азан шақырылып, ат қойылады. Ол мешітте тәлім алып, ер жеткенде некесі қиылады. Отбасылық өмірде кездесетін түрлі сынақтар мен сауалдардың жауабы һәм пәтуасы осы мешіт пен имамның араласуымен жүзеге асады. Сондықтан, мешіт салу - сауабы мол сауапты іс», – деді Серікбай қажы Ораз.

Бас мүфти шетелден келген қонақтарға алғыс айтып, мешітті салып берген азаматтарға ерекше ілтипаты мен жылы лебізін білдірді.

Айта кетсек, Сатыбалды Әбішұлы атындағы Ислам орталығында бір мезетте 10 мың адам құлшылық ете алады. Мешіт ішінде медресе-колледж шәкірттеріне арналған 29 сынып бар. Орталықта 600 бала дәріс тыңдай алады. 69 жатын орынды қамтыған орталықта 1000 адамға арналған асхана салынған.

Соңғы жаңалықтар