Түркістан: Жетісай мен Бәйдібек аудандарында көшелер жөнделуде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Жетісай ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. Бүгінде аудан орталығындағы М.Әуезов көшесінде атқарылып жатқан жұмыстар аяқталуға жақын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандағы өзге де ауыл округтері мен «Шардара–Жетісай» автомобиль жолының бірқатар бөліктеріндегі асфальт төсеу жұмыстары одан әрі жалғасуда. Оларға қажетті асфальт ауданның өзінде дайындалады. Мәселен, жақында Қазыбек би ауылдық округінде сағатына 100 тоннаға жуық асфальт шығаратын зауыт іске қосылды. «Ханшебер» ЖШС-де 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Өндіріс орнына қажетті негізгі шикізат Шымкент қаласынан тасымалданады. Кәсіпорынның бас механигі Ермахан Әшірбаевтың мәлімдеуінше, өңірдегі жол жөндеу жұмыстарына қажетті асфальтты Шымкенттен әкелу тиімсіз. Сол себепті аталған серіктестік құрылыс нысандарына жақын жерден асфальт зауытын салуды қолға алуда.

Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата ауылында да көшелерді жөндеу жұмыстары қарқынды түрде іске асып жатыр.

Бұл ауылды көркейту, көріктендіру жұмыстарын жүзеге асыру мәселесі жақында аудандық қоғамдық кеңесте талқыланып, аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен қолға алынған. Облыстық мәслихаттың шешімімен аудан бюджетіне нысаналы трансферттер есебінен Бәйдібек ата ауылындағы бірқатар көшелер мен абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлінді.

Бұған қосымша жергілікті бюджет есебінен осы ауылдағы «Тағзым» мен балалар аллеясын абаттандыруға, Қарабастау мен Балғынсай және Е.Шөкеев көшелерін орташа жөндеуге қажетті қаражат бөлінген.

Соңғы жаңалықтар