Түркістан түркі халықтарының қара шаңырағына айналады - Дихан Қамзабекұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркістан облыс орталығы ретінде түркі халықтарының қара шаңырағына айналады. Мұндай пікірді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл уақыты жеткен және Тәуелсіздік талаптарына жауап беретін шешім. Өйткені, ойлап қараған кезде Қазақстанның бүгінгі аумақтық бөлінісі бәрібір де кеңестік бөліске сәйкес келеді. Белгілі бір дәрежеде оның саяси да негіздері болды. Біздегі қазіргі бөліністердің барлығы тарихи негізде болуы керек. Мысалы Орталық Қазақстан - Ұлытау, Батыс Қазақстан - Сарайшық, Шығыс Қазақстан - Алтай облысы болуы керек. Мұның барлығы тарихпен байланысты. Кезінде түрлі форматта осындай ұсыныс берілген де еді. Ал зиялыларда Оңтүстік Қазақстан облысы не Қазығұрт не Түркістан облысы болуы керек деген ойлар болған. Елбасы мұның барлығын саралай, салмақтай келе оң шешім қабылдап отыр»,- деді ғалым.

Осы ретте Дихан Қамзабекұлы Түркістанның облыс орталығы болуының қандай маңызды тұстары бар екендігіне де тоқталды.

«Біріншіден, Алаш зиялылары айтқан қарашаңырақтың бізде қалғанын көрсетіп отырамыз. Сонымен қатар бұл тарихи міндет жүктейді, жауапкершілігіміз артады. Рухани жаңғыруы арқылы санамызда да серпіліс болады. Екіншіден, Түркістанның тұтастығына бағытталған жаңа ғылыми жобалар керек. Сол арқылы Орталық Азия ешқашан бөлінбейді, ағайынбыз деген дүниені ұстанамыз. Түркістанның облыс орталығына айналуы Орталық Азияның ешқашан дүрдараздыққа бармайтындығына, бөлінбейтіндігіне нағыз қазық болады. Жалпы, Түркістанның жаңғыруы, Түркістан идеясының көтерілуі түркі дүниесіне де жақсы әсерін тигізеді. Түркістан облысының пайда болуы тарихшыларға, жалпы қоғам танушыларға жаңа міндет жүктейді», - деді Дихан Қамзабекұлы.

Соңғы жаңалықтар