Түркістан тұрғыны көне кітаптарды ұн мен шәйдің көмегімен қалпына келтіреді

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы Отырар ауданында көне кітаптар мен қолжазбаларды қалпына келтіретін Жанұзақ Ерімбетов есімді азамат тұрады. Ол ескі кітаптардың жыртылған, қырқылған парақтарын жамап, түгендеп береді. Сондай-ақ, ұстағанда үгітіліп тұратын беттерді де ешқандай аппаратсыз-ақ қалпына келтіре алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанұзақ Ерімбетов қағаз реставрациялау жұмысын Иран мемлекетінен үйреніп келген. Кейіннен Алматыдағы ұлттық кітапханада тәжірибесін шыңдады. Санкт-Петербургтегі Ресей этнографиялық музейінде «этнографиялық жәдігерлерді қайта қалпына келтіру» бойынша дәріс алып, біліктілігін арттырды. Содан елге оралған соң, көне кітаптарды қалпына келтіру ісін қолға алды.

«Мен бұдан бұрын реставратор болып жұмыс істегенмін. Қыш құмыралар мен түрлі керамикалық заттарды қалпына келтіру жұмыстарын жасадым. Кейіннен қағаз реставрациясына ауыстым. Бұл кәсіпті де меңгеріп алдым. Жалпы, бұл мамандық иелері елімізде өте аз кездеседі. Сондықтан, бізді Түркістанға, Алматыға жиі шақырып тұрады. Тарихи орындарды аралап, біліміміз бен тәжірибемізді бөлісіп келеміз», - дейді ол.

Бүгінде Жанұзақ Әлзақұлы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайында суретші-реставратор болып қызмет атқарады. Негізі жұмысы – тарихи орындардан табылған кітаптарды қалпына келтіру. Одан бөлек, жергілікті тұрғындар музейге өткізетін сирек кездесетін қолжазбаларды да түгендеп, музейдің арнайы қорына өткізеді.

«Музей жәдігерлерінің құрамында 100-ден астам қолжазба бар. «Атамның кітабы» деп өткізетіндер көп. Олардың ішінде сирек кездесетін кітаптар, Құрандар бар. Сарғайып шашылып кеткен, мұқабасы да жоқ құнды кітаптар да кездеседі. Ұстасаңыз парақшалары үгітіліп тұрады. Соларды қалпына келтіреміз», - дейді реставратор.

Жанұзақ ақ қағазды сарғайту үшін кәдімгі шәйдің демдемесін қолданады. Қызыл шәйға ақ қағазды салып, сарғайтып алады. Кейіннен жиек жасап, жыртылған жерін жамайды. Жабыстырып, тігіп шығады. Ең бастысы - кітаптың құндылығы жоғалмауы қажет. Әсіресе, әріптері мен таңбаларын сақтауға назар аударады. Сондай-ақ, ұнды суға араластырып, желім жасайды. Себебі, заманауи клейлер мен химиялық қоспалар қағаздың құрамын өзгертіп жіберуі мүмкін. Ең бастысы – бұл жұмыстарға ешқандай аппарат қолданылмайды. Барлық жұмыс қол күшімен жасалады.

«Біздің мұражайдағы кітаптардың көпшілігі негізінен ХІХ, ХХ ғасырға тиеселі. Сондағы ақын, жазушылардың, жыраулардың жазбалары бар. Одан бөлек, діни әдебиеттер мен хикметтер де кездеседі. Көпшілігі арабша, төте жазулармен жазылған», - дейді ол.

Жанұзақ Әлзақұлы бос кезінде мұражай қорындағы керамикалық жәдігерлердің үлгісімен кәдесыйлар дайындайды. Қыштан құмыра, сазсырнай секілді түрлі бұйымдар жасап, сатуға шығарады. Таңсық дүниеге тапсырыс берушілер де көп. Сондай-ақ, «қолжазбалар мен ескі суреттерді реттеп бер» деп келетін жергілікті тұрғындардың да өтінішін орындап береді.

«Жалпы, ел ішінде көптеген құнды кітап бар. Олар біреудің сандығында, біреудің сарайында сақтаулы тұр. Соларды музей қорына өткізуге шақырамын. Себебі, кітаптар қараусыз жатқан соң, парақтары ұстауға жарамсыз болып қалады. Ал, оның ішінде еліміздің, ұлтымыздың терең тарихы жатқан болуы мүмкін», - дейді реставратор.




Соңғы жаңалықтар