Түркістан тұрғындарына Рамазан айында ауызашар өткізуге болмайтыны ескертілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында Рамазан айында ауызашар өткізілмейді және мешіттерде тарауих намазы оқылмайды. Елде жарияланған төтенше жағдай кезінде діни жоралғылар жасаудың жаңа үлгісін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша бас имамы Мұсабек Ақтамберді айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бас имам, сондай-ақ діни мерекеге дайындық барысы мен жалпы облыстағы діни ахуал жайлы сөз қозғады.

«Әркім өз үйінде тарауих намазын отбасымен өтейді. Көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана және тағы басқасы) жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауызашар берудің орнына, келесідей амалдарды жасауға шақырамыз. Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ таратуға болады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік беру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру де мол сауап болады», – деді Мұсабек Ақтамберді.

Бас имам бұдан өзге мұсылман қауымын сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге және халықты дүрліктірмеуге шақырды. Бастысы, Алла Тағалаға дұға етуге шақырады. Айта кетейік, жалпы Түркістан облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 748 мешіті жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар