Түркістан тұрғындары көпқабатты үйдегі пәтерлерін пеш жағып жылытып отыр

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан қаласының орталығындағы тұтас шағын ауданды жылытатын қазандықтың істен шыққанына ширек ғасырдан асқан. Содан 20-ға жуық екі қабатты үйдің тұрғындары жылудың азабын тартып келеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Бұрынғы қазандықтың орнына қазір тұрын үй салынып кеткен. Есесіне тұрғындар пәтерлеріне пеш орнатып, өлместің қамын жасап отыр. Солардың бірі Ұрият Рахимова күнделікті тіршілігін от жағумен бастаймын дейді. Әр қабын 1 мың теңгеге сатып алған көмірді ұсақтап, шелекпен үйіне тасиды. Ас ішетін бөлмеге орнатылған шағын пешті күндіз-түні өшірмейді екен.

«Осылайша, таңертеңнен кешке дейін от жағамыз. Әйтпесе, қабырғасы жұқа үй тез суып кетеді. Пәтер суып кетпесі үшін пешке қарап отырамыз. әйтпесе, тоңып қалуымыз мүмкін.  Енді бізге жылу берсе, бәріне рахмет айтар едік»,-дейді пәтер иесі.

Тұрғындардың бас ауруына айналған бұл мәселе 90-жылдары басталыпты. Сол уақыттан бері шешімін таппай келеді. Мәселені жергілікті билік жақсы біледі. Шенділердің сөзінше мәселені түбегейлі шешу мақсатында шағын жылу қазандығын орнатып бермекші болған. Бірақ, ол кезде жылу ақысы әрбір пәтерге ай сайын 10-15 мың теңгеден келген. Өйткені, қаланың шетіне салынатын қазандықтың жылуын осында жеткізу үшін әжептәуір шығын көрінеді. Сондықтан жоба тиімсіз деп табылыпты.
 

«Жуырда қалаға табиғи газ келді. Осының аясында алдағы 2-3 жылдың ішінде бұл мәселе түбегейлі шешімін табады. Қазір, жалпы, қалада жаппай газдандыру мәселесі қолға алынды.  Т.Бокин көшесіндегі көпқабатты үйлерді газдандырудың 2-3-ші кезең бойынша, 2018-2019 жылдары толығымен құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтіп отырмыз. Сонда бұл үйлерге жылу беріледі», - дейді Түркістан қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әбутәліп Асанов.
 Ал, оған дейін көпқабатты үйдің тұрғындарына  шелекпен көмір тасып, күл шығаруларына тура келеді. Күрделі мәселе түбегейлі шешілгенше, күтуден басқа амалдары жоқ.
    

 

Соңғы жаңалықтар