Түркістан тауларында 7 қар барысы жүр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында бүгінгі таңда 7 қар барысы мен 178 үнді жайрасы тіршілік етіп жүр. Сондай-ақ, 604 арқар мен 155 бұқар бұғысы, 2658 тауешкі бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Бақытжан Қырықбай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Қырықбайдың айтуынша, бүгінде өңірдегі мемлекеттік орман қоры 3 млн 439 мың гектарды құрайды. Орман қорын молайту жұмыстары мақсатында 7 мың гектарға 43 тонна сексеуіл тұқымын себіліп, 720,6 гектарға көшет егілген.

«Сексеуіл отынының табыс көзіне айналып бара жатқандығын ескеріп Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен 2017 жылдың 1 шілдесінен сексеуіл сүрегін саудалауға тыйым салынды. Заңға бағынбай құқық бұзушы 12 азаматқа құзырлы органдар тарапынан әкімшілік айыппұл салынды. Бұл жұмыстар биылғы жылы да жалғасуда», - деді аумақтық инспекция басшысының орынбасары.

Бұдан өзге, облыстағы аңшылық алқаптардың жалпы аумағы 6 млн 744 мың гектарды құрап, оның 6 млн 552 мың гектары аңшылық пайдаланушыға бекітілген. Алайда қолданыстағы заңнамалардағы өзгерістерге сәйкес, парктер аумағында ау аулауға 2017 жылдан бастап түпкілікті тыйым салынған. Дегенмен жануалар дүниесін арттыру мақсатында бүгінгі таңда облыста жек дуадақты жасанды жолмен өсіруге арналған тұқымбақ ашылған. Бәйдібек ауданы аумағындағы 1000 га аумаққа қолдан өсірілген 3995 бас жек дуадақ құстары БАӘ-ден әкелінді. Оның 2495 басы Қызылқұм мен Мойынқұмға еркіндікке жіберілсе, қалған 1500 бас жек дуадақ құсы аналық бастың санын арттыру мақсатында Бәйдібек ауданында орналасқан арнайы тұқымбаққа орналастырылды.

Сонымен қатар, арнайы жүргізілген тексерулер мен табиғат қорғау іс-шаралары нәтижесінде 329 құқықбұзушылық анықталды. Оның 223-і балық, 68-і аңшылық және 38-і орман шаруашылығы, ЕҚТА бойынша болып отыр.

Соңғы жаңалықтар