Түркістан өңірінде саяси қуғынға ұшырап, жазықсыз жапа шеккен 5 184 азамат ақталады

Фото: Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған мемориалдық кешен ашылады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2021 жылы 14 қаңтарда Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия және облыстық жұмыс тобы құрылған болатын.

Екі жыл ішінде аталған комиссия мүшелерінің жасаған тың зерттеу нәтижесінде 6 құжат пен мақалалар жинағы, ақтауға ұсынылатындар тізімі және бір монография жарыққа шықты.


«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның 33 томдық материалдар жинағы. ХХ ғасырдың 20-50 жылдары» атты жинақтың 2 томында Түркістан облысында жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесінде жинақталған материалдар топтастырылды.

Сонымен қатар мемлекеттік комиссия төрағасының тапсырмасына сәйкес биыл «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы бойынша мұрағаттық құжаттардың 10 томын, «Халық жады» еске алу кітаптарының 20 томын шығару жоспарланып отыр.

Бұл кітаптарға да Түркістан өңірінен жинақталған деректер енгізілмек.

Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелерін қабылдап, пікір алмасты.

Атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, алдағы жоспар туралы да ой қозғалды.

«Біз ұлт үшін шейіт болған қайраткерлерді, тұлғаларды, ашаршылық құрбандарын, өткен тарихымызды ұмытпауымыз керек. Бұл ретте Түркістанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған мемориалдық кешен ашу құптарлық іс болмақ. Бұл ұсынысты талқылап, жұмыс атқарамыз. Бүгінде тарихтағы ақтаңдақтарды терең талдап, репрессия құрбандарын зерттеуге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп отыр. Сіздер осы жұмыстың ортасында жүрсіздер. Қоғамдық жұмысты атқару, мұрағаттардағы құжаттарды зерттеу оңай емес. Қайраткерлік және өз ісіңе деген сүйіспеншілік қажет. Қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Дархан Сатыбалды.


Жиында профессор Досай Кенжетай комиссияның жұмысы, анықталған тың деректер туралы ойын айтты.

Ол Түркістандағы саяси қуғын-сүргінге қатысты тың деректер табылғанын атап өтті және облыс әкіміне комиссия жұмысы нәтижесінде жарық көрген кітаптарды тарту етті.

Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінің басшысы Гүлнар Шардарбекова саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясының атқарған жұмысына тоқталды.

Оның айтуынша, екі жылдан астам уақытта комиссия 9 бағытта жұмыс жүргізген.

Нәтижесінде Түркістан өңірінен саяси қуғынға ұшырап, жазықсыз жапа шеккен 5184 азамат туралы деректер анықталып, құқықтық түрде ақтауға ұсынылған.

Оның 3090-ы бай-кулак деп айыпталып, мал-мүлкі тәркіленген. Сондай-ақ, комиссия Бостандық көтерілісіне қатысқандар туралы да деректер жинаған.

Түркістан өлкесіндегі «Алаш» қозғалысы мен қайраткерлері, Созақ, Бостандық көтерілістеріне, Шаян оқиғасына қатысты мәліметтер де зерттеуге алынған.

Ғалымдар Өзбекстан, Тәжікстан архивтері мен кітапханаларында, ҚР Президентінің архивінде, ҚР Орталық архивінде және облыстық, аудандық архивтерде жұмыс жүргізген.


Соңғы жаңалықтар