Түркістан облысының зиялылары Елбасы мақаласына пікір білдірді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының қаламгерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының әлемдік деңгейдегі, парасаттың шырқау биігіндегі пайымдарды ортаға салған құнды дүние екенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жазушы  Мархабат Байғұт «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаланы оқып отырып, қазақ халқының терең тарихы жөнінде  тағылымдық тұстары көп екенін айтады. 

«Жаңа дүниенің әрбір сөзіне, әрбір сөйлеміне, әрбір ой-пікіріне, қағидаттары мен тұжырымдарына рақаттанып, әлемдік әдемі әңгіме ретінде қабылдадым. Шынында да Президент күллі адамзат, бүкіл дүние жүзінің өркениетті қауымы, барша елдер барынша назар аударарлықтай әлемдік деңгейдегі, парасаттың шырқау биігіндегі пайымдарды ортаға салып отыр. Сонымен қатар, нақтылы ғылыми деректерге сүйеніп, жаһандық тарихтағы Ұлы Дала Елінің, қазақ ұлтының, Қазақстан Республикасының орны мен рөлін жан-жақты айқындап берген»,- дейді М.Байғұт.

Оның сөзінше, мақалада Түркістан облысының құрылуы, оның болашағы, Әл-Фараби мен Ахмет Ясауидың туынылары, батырлар жыры, өңірде жиі кездесетін қызғалдақ пен сиверс алмасына дейін айрықша айтылуы қанат бітіреді.

Аталған мақала жөнінде ақын, этнограф, «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов та өз ойын білдірді. Қаламгердің пікірінше, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба - рухани жаңғыру бағдарламасына орай  қолға алынатын елеулі жобалардың бірі болмақ.

«Бұл жоба бойынша 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін ұйымдастыру, әлем елдерінің музейлеріне ежелгі түрік жәдігерлерін қойып, халыққа кеңінен таныстыру, Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру, түркі халықтарына ортақ рухани қазына - онлайн кітапхана ашу секілді ауқымды істер қолға алынса, түркі өркениеті қайта жанданатын болады. Сондай-ақ, көне қала - Түркістанның облыс орталығы болуымен қатар, оның ежелгі беделін қайта көтеру, қаланы рухани һәм экономикалық тұрғыдан дамыту - бүкіл түркі әлемі үшін үлкен жетістік болады деп сенемін»,- дейді Қасымхан Бегманов.

Соңғы жаңалықтар