Түркістан облысының тұрғынынан түйнеме белгілері байқалды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түйнеменің белгілері байқалған тұрғынды клиникалық-зертханалық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы республика бойынша сібір жарасы инфекциясының қауіптілігі жоғары аймақтар қатарына ілікті. Өткен жылы облыста аса қауіпті ауруға шалдығудың 7 дерегі тіркелген болатын. Ал, биыл 1 дерек анықталып отыр.

«Бұл дерт адамнан адамға жұқпайды. Инфекция көзі – жануарлар. Ауру малды сою кезінде немесе мал терісін өңдеу кезінде жұғады. Өңірде сібір жарасының 225 стационарлық қолайсыз бекеті мен 392 ошақ мал қорымы бар», - дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Ардақ Берденова.

Өкінішке қарай, мал ұстаушылар арасында төрт түлігіне аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакцина салдырмау, сойған малының етін ветеринария мамандарының тексеруінсіз бірнеше үйге таратып беру, сатып жіберу жағдайлары жиі кездеседі. Сондықтан, дәрігерлер ет өнімдерін тек сенімді сатушылардан ғана алу керектігін ескертеді. Тіпті, сатушылардан тиісті анықтама сұрау қажеттігін қаперге береді.

«Етті арнайы ветеринариялық рұқсаты бар орындардан ғана сатып алыңыз. Жеке үй-жайларда сойылған мал етін тұтынудан аулақ болыңыз. Ол ауру малдың еті болуы мүмкін. Бұл өміріңіз бен денсаулығыңызға зиян келтіреді», - дейді баспасөз хатшысы.

Еске сала кетейік, Бурабайға демалуға келе жатқан түркістандықтан түйнеме табылған еді.



Соңғы жаңалықтар