Түркістан облысының Түлкібас ауданында ерекше сайлау өтті

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат - Бүгін түлкібастықтар ең үздікті таңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ретімен баяндасақ, биыл Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партияны жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Бағдарлама аясында партия қатарына отаншыл, елге жанашыр азаматтар тартылсын деген талап қойылды. Сол міндетке сәйкес, Түркістан облысының Түлкібас ауданында «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеу жүргізілді. 28 қазанда басталған пилоттық жоба 16 қарашада түйінделді.

Еліміз бойынша пилоттық жоба ретінде алғаш рет өткізілген бастаманың ұйымдастыру жұмыстары жоспарға сай, кезең-кезеңімен атқарылды. «Nur Otan» партиясының Түлкібас ауданындық филиалына қарасты 23 бастауыш партия ұйымның мүшелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кандидаттар ашық және әділетті түрде тіркелді. Іріктеу жұмыстары партияның орталық аппараты бекіткен нұсаулыққа сай атқарылып, үміткерлер бастауыш партия ұйымдарына таныстырылды. Жобаны жүзеге асыруда «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен Түлкібас аудандық филиалы және Түлкібас ауданы әкімдігі жемісті жұмыс атқарды.

28 қазан мен 4 қараша аралығында партиялық кадрлық резервіне іріктеу жұмыстары жүргізілді. 100 үміткер тіркелді. Оның ішінде 60 ер, 40 әйел бақ сынауды жөн көрген. Жас ерекшеліктеріне орай тіркелген үміткерлер арасында 35 жасқа дейін - 21 адам, 35-50 жас аралығында - 38 адам, 50 жастан жоғары - 41 адам, сондай-ақ 7 көпбалалы ана да өзін ұсынған. Қорытынды дебат пен дауыс беру кезеңіне 96 үміткер өтті. Оның ішінде ұстаздар мен белсенді жастар және өзге де тұрғындар бақ сынады.

Пилоттық жоба бойынша 5-15 қараша аралығында екінші кезеңдегі үгіт-насихат жұмыстары өтті. Тіркелген кандидаттар өздерінің бағдарламалары мен ұсыныстарын таныстыру үшін ауданның әр ауылында болып, партия мүшелерімен кездесулер мен дебатттар өткізді. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен жергілікті газеттерде үміткерлердің өмірдерегі мен бағдарламасы жарияланды. Үміткерлер ауданның өзекті мәселелерін жақсы білетіндерін аңғартты. Инфрақұрылымды дамыту, жұмыссыздықты азайту, жастарға жағдай жасау, туризм мен спортты дамыту және өзге де түйткілдерді қозғап, шешу жолдарын ұсынды.

Тіркелген үміткерлерге дауыс беру 16 қарашада ауданның 15 аумағында ашық және еркін түрде өткізілді. Тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Аудандағы «Nur Otan» партиясының 6 мыңнан астам және «Jas Otan» жастар қанатының бір мыңнан астам мүшесі, жалпы 7 мыңнан астам тұрғын өз таңдауын жасады. Өз ауылдарынан шыққан жаңа көшбасшыларды таныған түлкібастықтар билік тармағына азаматтар осылай таңдалғаны жөн екенін айтты. Пилоттық жоба арқылы ауданның белсенді азаматтары бір арнаға топтасып, «Nur Otan» партиясының бұл бастамасына ризашылығын білдірді.

Соңғы жаңалықтар