Түркістан облысының тойханаларында санитарлық талаптар сақталмайды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының тойханаларында санитарлық талаптар сақталмайтыны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тексеру қорытындысы бойынша тойхананың 33 қызметкері уақытша жұмысынан шеттетілді. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшылығы брифинг барысында мәлімдеді.

Өңірде барлығы 263 тойхана бар болса, жыл басынан бергі алты айдың ішінде олардың 59-ы тиісті тексерулерден өткен. Басым бөлігінде қызметкерлердің медициналық тексеруден өтпегені және тазалық нормалары сақталмайтыны белгілі болған. 

«Тойханаларды тексеру барысында түсінгеніміз, санитарлық талаптарды сақтамайды, ескермейді де. Және жиі кездесетін тағы бір олқылық - өнім қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаттары жоқ. Қызметкерлер арнайы киімсіз жұмыс істейді және бактериоцидтік лампа алынбаған. Технологиялық процесс сақталмайды, сондай-ақ тоңазытқыштар саны жеткіліксіз. Жұмысшылардың медициналық тексеруден өткенін растап, жұмыс істеуіне рұқсат беретін жеке медициналық кітапшасы жоқ. Тексеру қорытындысы бойынша уақытша жұмыстан шеттетілгендердің арасында даяшыдан бастап аспазға дейін бар»,- дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Алдан Ахметов.

Сала мамандары тексеру шараларын мұнымен тоқтатпақ емес. Алдағы уақытта қалған тойханалар да тексерістен өтеді.  

Соңғы жаңалықтар