Түркістан облысының тауларында оқушылар жоғалды, бірінің өлі денесі табылды

None
None
ТӨЛЕ БИ. ҚазАқпарат - Түркістан облысында тауға демалуға шыққан оқушылар жоғалып кетті. Бірінің өлі денесі табылды. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

15 маусымда күндіз Төле би ауданы, Біркөлік ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан «Біркөлік» демалыс аймағында 22 оқушы мен 3 ересек адам тау бөктеріне демалуға шыққан.

Тоғыз оқушы мен 1 тәрбиеші тауға күндіз шыққан. Алты оқушы мен 1 тәрбиеші таудан өз бетімен түсе алған. Ал 3 оқушы адасып кеткен.

Тәрбиеші таудан түскеннен кейін сағат 22:48-де «112» нөміріне хабарласқан.

Сағат 23:00-ден бастап Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Жедел-құтқару жасағының (6 қызметкер мен 1 техника), Түркістан облысының ТЖД (10 қызметкер мен 3 техника), жедел медициналық жәрдем бригадасы (5 қызметкер мен 1 техника), полиция бөлімі (2 адам мен 1 техника) күштері іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуде. Барлығы 23 адам мен 5 техника жұмылдырылған.

«16 маусым сағат 00:58-де Шымкент қаласының ТЖД-ның іздестіру тобы жардан құлап кеткен 2003 жылы туған жасөспірімнің денесін тауып, жерге түсірді. Кейін полицияға тапсырады.

16 маусым сағат 11:00-дегі жағдай бойынша, құтқарушылар таудан 2 оқушыны тапты. Құтқарушылардың айтуынша, олармен ұялы телефонмен байланыс бар. Шымкент қаласы ТЖД ЖҚЖ құтқарушылары альпинистік құрал-жабдықтарды қолдана отырып, балаларды түсіру және құтқару бойынша операция жүргізуде. Алайда, жартасты жерлер, биік таулар мен тік беткейлерге байланысты құтқару жұмыстары қиындай түсуде.

Құтқару операциясының қорытындысы туралы қосымша хабарланады», - делінген ҚР ІІМ ТЖК хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар