Түркістан облысының Созақ ауданында жаңа мәдениет үйі бой көтерді

None
None
СОЗАҚ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Созақ ауданының Қарағұр ауылдық округінде жаңа мәденит үйінің ғимараты пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған нысан ауыл тұрғындарының шығармашылық орнына айналмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескі мәдениет үйі тоқсаныншы жылдары жарамсыз болғандықтан бұзылып, тұрғындар әр мерекелік кешті жергілікті мектепте өткізетін. 2300-ге жуық тұрғыны бар ауылға мәдениет үйі жетіспегендіктен, бұл мәселе аудан әкімінің халықпен кездесуінде бірнеше рет көтерілген еді. Бүгін қарағұрлықтардың көптен күткен арманы орындалды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай мәдениет үйі ел игілігіне берілді.

Жаңа нысанның ашылу салтанатында сөйлеген аудан әкімі Салыхан Полатов жұртшылықты ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтап, мәдениеттің өсуі – халықтың өсуі, ұлттың өркендеуі екенін жеткізді.

«Мемлекет мәдениет саласының дамуына ерешке мән беріп келеді. Ауданда да бұл салада үлкен жұмыстар атқарылды. Күллі қазақ үшін құнды мәдени ескерткіш – Ақбикеш мұнарасы қайта жөндеуден өтті. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаладағы Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына енген тарихи құнды жәдігер, «Таңбалы тас» тарихи ескерткішіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Аққолтық елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысы басталды. Сұлтанбек Қожанов атындағы зәулім музей құрылысы аяқталды. Мерейлі мереке қарсаңында пайдалануға беріліп, тарихтан сыр шертетін рухани-мәдени орталыққа айналады. Міне, бүгін Қарағұр елді мекеніндегі мәдениет үйі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылып отыр. Бұл бәріміз үшін үлкен қуаныш»,- деді аудан басшысы.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Жетісай ауданында да «Рәміздер аллеясы» ашылды. «Тәуелсіздікке тарту» шарасы аясында қолданысқа берілген аллеяның салтанатты ашылу рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы мен зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты. Жаңадан ашылған аллеяда 14 метрлік тұғырда көк Туымыз желбіреп тұр. Сондай-ақ, Әнұранның мәтіні тасқа жазылып, Елтаңба орналастырылған. Салтанатты шара соңында аудандық «Жетісай» мәдениет үйінің өнерпаздары жұртшылыққа әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мереке қарсаңында ашылған «Рәміздер аллеясы» жастардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеп, молайтуға мол септігін тигізері анық.



Соңғы жаңалықтар