Түркістан облысының шалғай ауданында әлеуметтік такси қызметі жолға қойылған

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Жетісай ауданында қоларбада отыратын мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін «Инватакси» қызметі дұрыс жолға қойылған. Жарымжан жандардың қоғамдық және емдік-сауықтыру орындарына еркін барып келуіне жағдай жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда ауданда 3 инватакси автокөлігі қызмет көрсетеді. Такси қызметінің орталығында диспетчерлер мен медициналық дәрігер және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көлікке мініп-түсуіне көмектесетін көмекші де бар.

Орталық қызметкерлері шалғай аудандағы 145 ересек және кәмелет жасына толмаған 25 мүмкіндігі шектеулі жанға қолғабыс етеді. Аудандық бюджеттен инватакси қызметіне өткен жылы 14 млн 400 мың теңге қаралса, әлеуметтік таксиге де тиісті қаржылар бөлінген.

Мұнан бөлек 679 мүмкіндігі шектеулі азаматқа міндетті гигиеналық құралдар беріліп, 104 тұлға кресло-арбамен қамтылған.

«Әлеуметтік такси қызметі аудандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, жүріп-тұруы қиын мүгедек балаларға, бірінші, екінші топтағы мүгедектерді емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға тасымалдау сынды қызметтер көрсетеді. Бұл мақсатқа бөлінген қаражат белгіленген мерзімде толық игерілуде», -дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов.

Бөлім басшысының мәліметінше, бүгінгі таңда ауданда 64 ересек және кәмелет жасына толмаған 52 мүмкіндігі шектеулі жанға талапқа сай 4 әлеуметтік автокөлік үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Мұндай көлікке мұқтажардың қатарында соғыс ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтар, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі концлагер тұтқыны мен 6826 мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар.


Соңғы жаңалықтар