Түркістан облысының Сайрам ауданында заманауи мұражай салынуда

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Сайрам ауданында жаңадан заманауи үлгідегі мұражай салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудандық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша бой көтеріп жатқан нысанның жалпы құны - 86,4 млн теңге. 2018 жылдың тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары аяқталып, мұражай биыл пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің Сайрам ауданына ұйымдастырған баспасөз туры кезінде журналистер нысанның құрылысымен танысты.

«Мұндағы шаруалар күзде басталған. Ауа райына байланысты құрылыс қарқыны аздап баяулады. Алайда күннің ерте жылынғанын пайдаланып, тиісті жұмыстарды дер кезінде істедік. Қазіргі таңда негізгі шаруалар аяқталды, ішін әрлеуге кірістік. Сәтін салса, сәуір айында пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Құрылыс жұмыстарына жергілікті 26 тұрғын тартылған. Қолданып жатқан қажетті материалдардың барлығы өзіміздің елден шыққан», - деді учаске бастығы Батыр Төлегенов.

Сала мамандарының сөзінше мұражайды салудағы мақсат - тарихы тереңде жатқан аудандағы құнды жәдігерлерді, өңірдің тарихынан сыр шертетін түрлі тарихи бұйымдарды жинақтап, бір жерге шоғырландыру. Заманауи үлгіде бой көтеріп жатқан ғимаратта құнды дүниелерді ұзақ сақтау үшін мұражайға лайық барлық талаптар сақталатын болады.

Айта кетейік, тарихи атауды иеленген ауданда бұрын-соңды арнайы салынған мұражай болмаған.

Соңғы жаңалықтар