Түркістан облысының Сауран ауданында спорт ғимараты қолданысқа берілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Сауран ауданындағы Ескі Иқан ауылында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында салынған спорт ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Жиында аудан әкімі Ғани Рысбеков бұл кешенінің спортты дамытуда маңызы зор екендігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нысанды жеке кәсіпкер Мамирхан Юлдашев мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында өз қаржысы есебінен «Туған жер» бағдарламасы аясында салып берген. Туған жеріне тарту жасаған іскер азамат осы арқылы бұқаралық және кәсіптік спортты дамытуды көздеп отыр.

Айта кетейік, жаңа ғимаратты салуға 416 млн теңге жұмсалған. 240 орынға арналған спорт кешенінде 28 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Нысан еліміздегі «100 дене шынықтыру-сауықтыру кешені» қатарына кіріп отыр. Мұнда 18 жасқа дейінгі 338 бала спорт үйірмесіне тегін жазылмақ.

Сонымен бірге мереке қарсаңында Сауран ауданындағы Қарашық ауылында «Жасмин» бастауыш мектеп-балабақша кешенінің ашылу салтанаты өтті. Тәуелсіздікке тарту болған ғимаратты жеке кәсіпкер Атахан Файзиев өз қаражатына салып берді. 200 балаға лайықталған нысанда 100 бала тәрбиеленетін болады.


Соңғы жаңалықтар