Түркістан облысының прокуроры тұрғындардың арыз-шағымдарын тыңдады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде бір топ азаматпен кездесті. Облыстың аудан-қалаларынан келген 11 тұрғын партия ұсынған мүмкіндікті пайдалана отырып, прокурорға өздерін мазалаған мәселелер бойынша талап-тілектері мен арыз-шағымдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қабылдауда болған түркістандық тұрғындар Камшат Абсаттарова мен Мырзахан Байдаулетов, түлкібастық Азімбек Молдашов пен кентаулық Эркин Паттулаев заң қызметкерлерінің іс-әрекетіне наразылықтарын жеткізді. Ал, Мырзахан Байдаулетов есімді азамат жеке айыптау мәселесі бойынша қозғалған қылмыстық істің созбалаңға салынып отырғандығын айтып өтті.

Сол сияқты Азімбек Молдашұлы қылмыстық іс бойынша куәгерлердің берген жауаптарымен келіспейтіндігі жайлы шағымданды. Сот шешімімен келіспейтіні жөніндегі шағымды Эркин Паттулаев да атап өтті.

Әділдік іздеп жүрген тұрғындардың жанайқайын тыңдаған облыс прокуроры шағымданған азаматтардың мәселелерін назарға алып, бақылауда ұстайтынын ескертіп өтті.

Қоғамдық қабылдауға жер мәселесімен келген шағымданушылар да болды. Мәселен, түркістандық Айгүл Айменова бетон заводының жеті жылдан бері үйіне зақым келтіріп жатқандығы жөнінде арызданды. Ал, түркістандық Махсат Мамбетов анасының атына берілген 10 соттық жер телімін қаланың құрлысына байланысты мемлекет қайтып сатып алғанын, бірақ қаржыны 8 айдан бері қала әкімшілігі бермей отырғаны жайлы сауалын қойды.

Қабылдауға келген азаматтарды мұқият тыңдаған Нұрғалым Мәжитұлы арызданушылардың арызына қарай кеңес беріп, олардың оң шешімін табуды қадағалайтындығын айтты. Өз кезегінде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ орнатқан тарифына қарсы арызы бойынша Сайрамнан келген Жанібеков Ергалиға да көмек көрсетілетін болды. Бұл мәселелер партия бақылауына да алынатын болды.

«Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың тілектерінің орындалуы партия бақылауында болады. Алдағы уақытта да мұнда түрлі саладағы басшылар келіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді. Өйткені, бүгінгі таңда «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесі облысымыздағы билік пен бұқараны тоғыстыратын алаңға айналып отыр», – деді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Тәжібаев.

Соңғы жаңалықтар