Түркістан облысының полицейлері сауда орындарын жаппай тексеруде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың 4-ші мамырынан бастап Түркістан облыстық Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен №6506 әскери бөлімінің арнайы жасақ қызметкерлері бірлесіп, ауқымды жедел шаралар атқарды, деп хабарлайды Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда аталмыш шаралар ҚР Ішкі істер министрлігінің полицейлерге жүктеген жедел-профилактикалық іс-шараларының аясында жүзеге асырылған.

Нақтырақ айтқанда, облыста Түркістан, Сарыағаш, Сайрам, Жетісай секілді бірқатар қала, аудандарында жеделдетілген профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізілді.

Мәселен, Түркістан қаласында орналасқан базарлардың бірінен ұялы телефондарды алып сату және жөндеу жұмыстарымен айналысатын азаматтардың арасында дәстүрлі емес деструктивтік діни ағымды ұстанушылары мен олардың жақтастары бар екендігі белгілі болды.

Тыңғылықты тексеру нәтижесі көрсеткендей, күдіктілер қылмыстық жолмен ұрланған ұялы телефондарды алып сату, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру іс-әрекеттерін іске асыру арқылы, ұялы телефонға арнайы деструктивтік ағымды насихаттайтын мәліметтерді жүктей отырып, тұтынушыларды арандатқан.

Бұл істі полицейлер ҚР Қылмыстық кодекстің 174-бабы «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бойынша арнайы тіркеуге алды.

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдікті ретінде ұсталған үш азаматқа қатысты тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп, уақытша қамауға алды. Айғақ заттар тәркіленіп, сараптамалар тағайындалды. Облыс полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бұл іс аяқталған соң, жинақталған барлық материалдар нақты шешім шығару үшін сотқа жолданады.

Соңғы жаңалықтар