Түркістан облысының орманды алқабы келер жылы 3 мың гектарға кеңейеді - әкім

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда наурыз мерекесі қарсаңында «Таза табиғат» экологиялық жобасы басталды. Жалпыұлттық жоба Түркістан қаласында бастау алып, Қазақстанның өзге де өңірлерінде жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыстық әкімдіктердің бірлескен шарасында бірнеше аймақта ағаш отырғызу, айналаны қоқыстан тазарту, су көздерін ашу акциялары өтті. Осылайша Президенттің орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындау басталды. «Мекенім – жасыл елім» акциясына 60 мың адам атсалысып, 486 мың түп ағаш отырғызылды. Оқушылардың «Менің ағашым» челленджіне 31 мың адам қатысып, 39 мың көшет егілді.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қоршаған орта ахуалын жақсарту бағытында тапсырмалар берді. Жалпыұлттық экологиялық шаралар «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында да қарастырылған. Өзге өңірлерде де осындай шаралар ауа райына байланысты сәуірде өтеді», - деді министр Мағзұм Мырзағалиев Түркістандағы шарадағы сөзінде.


Түркістандағы акция аясында қала іргесінде құрылып жатқан Жасыл белдеуге көп жылдық ағаш көшеттері де егілді.

«Облысымыз бойынша 3 млн 131 мың га орман қоры жерлері бар, оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн 630 мың гектарды құрайды. Түркістан іргесіндегі Жасыл белдеу аумағын келер жылға дейін тағы 3000 гектарға кеңейтіп, толық аяқтау жоспары бар. Ал, орман тұқымбақтарын дамыту үшін онда әр жылы 35-40 млн әртүрлі ағаш көшетін өсіреміз», – деп атап өтті облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.


Шара барысында ардагерлердің, отандық және Түркістан халықаралық медиафорумына жиналған түркітілдес елдер БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы Ботаникалық баққа да ағаш отырғызылды. Жаңа әуежай жолындағы жеміс бауына өрік егілді. Саябақтар, аллеялар абаттандырылып, сенбілік ұйымдастырылды. Мағзұм Мырзағалиев «Таза табиғат» акциясының наурыз мерекесінде, Түркістанда өткізілуінің ерекше мәні бар екенін және жобаны дәстүрге айналдыру қажеттігін айтты.


Соңғы жаңалықтар