Түркістан облысының өндіріс ошақтарында 5 жазатайым оқиға болды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Түркістан облысында өндірісте 5 жазатайым оқиға тіркелді. Зардап шеккен жұмысшылардың барлығы дерлік ауыр жарақат алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен Кәсіподақтар федерациясының оқу орталығы өткізген семинар барысында айтылды.

Басқосуда аталған оқиғалар Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сайрам аудандарында орын алғаны сөз болды. Еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау тақырыбында өткен шарада жазатайым оқиғаларды төмендету жолдары қарастырылды. Кәсіподақ өкілдері өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін ең алдымен кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыскерлерге еңбек қауіпсіздігін сақтау мен еңбекті қорғауға бағытталған оқыту жұмыстарын ұйымдастыру қажет деп есептейді. Сала мамандарының пікірінше, мұндай шаралар әсіресе жайсыз жағдайлар тіркелген мекемелерде шұғыл түрде ұйымдастырылуы қажет.

Айта кетейік, былтыр Түркістан облысы мен Шымкент қаласында өндірістік жазатайым оқиғалар саны - 52-ге жеткен. Зардап шеккендер саны - 63 адам болса, оның 11-і қайтыс болған. Сондай-ақ бір жыл ішінде өңірде жұмысшылар тобының 6 жазатайым оқиғасы орын алды. Жайсыз жағдайларда 17 адам зардап шеккен болса, біреуі оқиға орнында көз жұмды. Тағы 16 жұмысшы түрлі дене жарақатын алған. Бұл деректер Бәйдібек, Мақтарал, Жетісай, Ордабасы, Сайрам, Созақ, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында тіркелген. Сол сияқты топтық жазатайым оқиғалар Сайрам, Сарыағаш аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларында тіркелген.

Соңғы жаңалықтар