Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері шағын футболдан жарысты

None
None

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері ұдайы спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен өңір əкімдігі мен облыстық Дене шынықтыру жəне спорт басқармасының ұйымдастыруымен шағын футболдан мемлекеттік қызметшілер арасында қысқы біріншілік басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Өңірдің барлық департамент, басқарма қызметкерлері арасында 16 желтоқсан - Тəуелсіздік күні мерекесіне орай 16 команда жинақталып, өзара мықтыларды анықтады. Әр командада 5 адамнан қатысты. Спорттық шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Жасыл алаңға шыққан 100-ге жуық мемлекеттік қызметші өздерінің спортта да осал емес екендіктерін көрсетті. Сайысқа қатысушылар арасында санитариялық талаптар қатаң сақталған.

Төрт бірдей ашық алаңда қатар өткен жарыс қорытындысымен, қатысушылар ақтық сайыста кездесті.

Айта кетейік, облыс аумағында дәл осындай 100-ден астам ашық футбол алаңшалары салынған.


Бас жүлдені өздерінің бірліктері арқасында Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының құрама командасы жеңіп алса, күміс жүлдені облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасы қызметкерлері иеленді. Ал, Түркістан облысының Қоғамдық денсаулық басқармасының командасы қола жүлдегер атанды. Жеңімпаз командаларға 10 медальдан табысталды.

Жарыс жеңімпаздарын марапаттаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мұндай спорттық сайыстардың әр апта сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынын жеткізді.


«Әлемді шарпыған пандемия биылғы жылы бірқатар спорттық шараларды ұйымдастыруға кері әсірін тигізді. Соның салдарынан мемлекеттік қызметкерлер арасында бұқаралық спорт түрлерінен өткізілетін жарыстар кейінге шегіріліп келгенін жақсы білесіздер. Міне, бүгін облысымыздың бас санитарының қаулысына сәйкес, спорттық шараларды өткізуге рұқсат етіліп отыр. Мемлекеттік қызметкерлердің денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мұндай спорттық сайыстар алдағы апталарда да өз жалғасын табатын болады. Нақтырақ айтсақ, алдағы аптада мемлекеттік қызметкерлердің қыздар командалары арасында волейболдан облыс біріншілігін өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Сәкен Қалқаманов.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Түркістан облысының Адами əлеуетті дамыту басқармасы басшысы Рахымбек Жолаев пен облыстық Дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев марапаттап, қызметтеріне сəттілік тіледі.

Сонымен қатар, жарыстың «Үздік қақпашысы» Дамир Тілеулиев атанса, «Үздік қорғаушы» номинациясын Арал Қайрат жеңіп алды. Ал, қатысушылар арасында топ жарған Қайрат Оралбаев «Үздік шабуылшы» иегері болды. Сондай-ақ, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген Айтуған Ерсұлтан сайыстың «Үздік ойыншысы» атанып, Құдайберген Нұржау «Үздік жартылай қорғаушы» аталымында үздік болды.


Соңғы жаңалықтар