Түркістан облысының құрылуы өңірдің дамуына тың серпін береді - Сапар Ахметов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты Сапар Ахметовтің пайымынша, Түркістан облысын құрудың тарихи шешімі жақын арада өз жемісін береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде Шымкент қаласының экономикалық әрі әлеуметтік жағдайы жағынан мүмкіндігі жоғары қалалардың бірі екені белгілі. Сондықтан республикалық қала атану деңгейіне әбден лайықты үлкен шаһар деп білеміз. Ал енді Түркістан облысының пайда болғаны бүкіл қазақ халқының, Қазақстанның мерейлі жақсы жаңалығы деп ойлаймын. Осы орайда Елбасының шешімі өте дұрыс екенін халқымыз құптап отыр. Түркістан - ол қазақтың үлкен қара шаңырағы, біздің халқымыздың мақтанышы. Бұл тұрғыда осы өңірдің жаңа мәртебеге ие болғаны өте маңызды», - деді Сапар Ахметов.

Оның пайымынша, Түркістан облысының құрылуы экономикалық, әлеуметтік, рухани мәселелерде өңірге тың серпін беретін болады.

«Президент кеше ғана берген өзінің тапсырмаларының арасында туристік саланы дамытуға ерекше екпін қойды. Сондықтан өңір басшылығы бұл бағытқа айрықша мән береді деген пікірдемін. Жалпы, Елбасының Жарлығымен бекітілген тарихи шешімнің жемісін біз жақын арада көреміз деп ойлаймын», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының пайда болуына байланысты пікір білдірді.

Сонымен қатар, Президент жаңа облыс орталығының құрылуына байланысты бірқатар тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар