Түркістан облысының құрылуы аймақтағы даму сапасын жақсартады - ҚСЗИ директоры

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының республикалық қала атануы және облыс орталығының Түркістан қаласына көшірілуі аймақтағы өзге де елдімекендердің дамуына ықпал етеді.

Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 «Биылғы ақпан және маусым айларында Қауіпсіздік Кеңесінде өңірлік даму мәселелері қаралған болатын. Онда Оңтүстік Қазақстан облысының халық тығыз қоныстанған бөлігінде жаңа аудандар құру шешімі қабылданды. Жаңа аудандар - Жетісай және Келес Мақтаарал және Сарыағаш аудандарынан бөлініп шықты. Ал сәуір айында Алматы облысында Кеген ауданы құрылды. Өзін-өзі жұмыспен қамтуды қысқарту, еңбек ресурстарын мобильдікпен қамтамасыз ету және жаппай кәсіпкерлік шараларымен бірге бұл аумақтық даму мен ресурстық әлеуетті басқару сапасын жақсартады», - деп еске салды Институт директоры. 

Сонымен қатар, Түркістан облысының құрылуы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен де мәндес болып отыр.

«Түркістан - Қазақстанның рухани астанасы. Түркістан облысының құрылуы - ата-бабалардың мұралары арқылы жеткен руханияттың Қазақстан үшін маңызды екендігінің белгісі. Әрине, символдық аспектілерден бөлек, облыс орталығын Түркістанға ауыстыру Оңтүстік өңір аумағына өндірістік және экономикалық күштерді дамытуға мүмкіндік береді. Шымкент қаласы өзін-өзі қамтамасыз ететін дәрежеге жетті, іс жүзінде республикалық мәртебеге лайық болды. Енді бұл заңды түрде бекітілді», - деп өз сөзін толықтырды З. Шәукенова.

Оның айтуынша, ендігі кезекте бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ащысай, Кентау сынды кіші қалаларды да дамытуды қолға алу керек.

Еске сала кетсек, 19 маусым күні ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды.

 

Жарлыққа сәйкес, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалар санатына жатқызылды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіріліп, Түркістан облысы деп өзгертілді.

Фото: www.kisi.kz

Соңғы жаңалықтар