Түркістан облысының қауіпті аймақтарында судан құтқаратын уақытша бекеттер ашылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Түркістан облысының  қауіпті аймақтарында судан құтқаратын уақытша бекеттер ашылды. Бұл шаралар халқы тығыз орналасқан Сарыағаш, Отырар аудандарында суға бату жағдайларының алдын алуға бағытталып отыр. Өңірдің ТЖД қызметкерлері өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мәселені сөз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Талғат Досалиевтің сөзінше, өңірдегі су айдындарында жалпы саны 400-ден астам рейдтік шара жүргізілген. Судағы жазатайым оқиғалар болуы мүмкін қауіпті аймақтарды анықтау бойынша жұмыстар толық атқарылған. Соның нәтижесінде бас-аяғы 722 мыңнан аса халық қоныстанған 158 қауіпті аймақ анықталып отыр.

«Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қауіпті су айдындарында шомылуға тыйым салынғанын ескертетін 200-ден астам тақтайша орнатылды. Сонымен бірге, үгіт-насихат жұмыстары күшейтілген түрде жүргізілуде. «Қауіпсіз жаз», «Жаз. Қауіпсіздік-2018» акциялары, рейдтер ұйымдастырылып, «Жас Отан» жастар қанатының және «Бізбен бірге» көшбасшылар мектебінің 500-ден аса еріктілері үгіт-насихат жұмыстарына тартылды. «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша жадынама таратылып, 167 билборд орнатылған», - деді Талғат Досалиев.

Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар қызметкерлері білім басқармасымен бірлесіп, жазғы сауықтыру лагерьлерінде арнайы дәрістер өткізгенін айтады. Олар жеткіншектерге «Судағы қауіпсіздік», «Алғашқы медициналық көмек көрсету», «Тұрмыстағы қауіпсіздік» мәселелерін түсіндірген. Мұндай кездесулер жазғы демалыстың соңына дейін жалғасады.

 

Соңғы жаңалықтар