Түркістан облысының бірнеше ауданында мектеп түлектері жол ережесін бұзып, кортеж жасады

None
Видеодан алынған кадр
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында мектеп түлектерін мінгізіп, кортеж жасаған 5 жүргізуші жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде мектеп түлектерінің көлікпен кортеж жасап жүрген видеосы тараған болатын.

Арнайы мониторинг жұмыстарын жүргізген түркістандық тәртіп сақшылары жүргізушілердің жеке басын анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Атап айтсақ, «BMW» және «ВАЗ» автокөліктерінің жүргізушілеріне қатысты ҚР ӘҚБтК 593-бабы 1-бөлігі және 606-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды.

Құқық бұзушылардың көліктері айыптұраққа қойылды.

Мектеп бітіруші түлектердің Түркістанға көрші ауданнан келгені белгілі болды.

Дәл осындай жағдай Қазығұрт және Сарыағаш аудандарында да болды.

Аудандық полиция бөлімі қызметкерлері әлеуметтік желіде тараған кортеждің видеосына талдау жүргізіп, жол ережесін бұзушыларды анықтады.

«Полицейлер «Hery Tiggo 7», «Lada 21705» және «Lada 2115» көліктерінің жүргізушілерін ҚР ӘҚБтК 590-бабы 5-бөлігі және 9-бөлігі, 230-бабы 2-бөлігі, 595-бабы 1-бөлігі, 593-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартты. Көліктер айыптұраққа қойылды. Сондай-ақ, құқық бұзушылар мен жасөспірімдерге профилактикалық түсіндірме жұмысы жүргізілді» делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


Соңғы жаңалықтар