Түркістан облысының барлық ауданында «Жаңа буын орталықтары» салынады

Фото:
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының барлық аудандарында «Жаңа буын орталықтары» салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауқымды құрылыс келер жылдың басында оңтүстік аумақтардан басталмақ. Алғашқы орталықтар Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш пен Келес аудандарында бой көтереді. Әлеуметтік нысанды аудан орталықтарында, саябақтарға жақын аумақта салу жоспарланған.

Екі қабатты ғимаратта салтанатты жиындар өткізуге арналған мәжіліс залы болады. Сонымен бірге ғылымды дамытуға бағытталған кибернетика, робототехника мен fab-lab steam орталықтары ашылады. Өнер, шығармашылық пен спорт салалары бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Шахмат, тоғызқұмалақ және үстел теннисі үйірмелері ашылады. Амфитеатр мен ойын алаңдары болады. Бірегей жобаның тұжырымдамасын бекіткен облыс әкімі Дархан Сатыбалды әрбір ғимаратты талапқа сай етіп, жанашырлықпен салуды тапсырды.

«Аудандарда халықпен кездесуде мәдениет үйін ашу туралы ұсыныстар көп айтылады. Ойлана келе, ауыл балаларының білімін арттырып, бос уақытын тиімді пайдалану үшін көпсалалы ерекше орталықтар ашу туралы шешімге келдік. Онда келген ересектер де, балалар да өзін өте жайлы сезінуі керек. Баланы ғылымға жетелеп, мәдениет пен спортқа баулитын, ұлттық құндылығымызды үйрететін орталықты барлық ауданда ашуды көздеп отырмыз. Біздің өскелең ұрпақ білімді, зиялы, мәдениетті, дені сау әрі өнерлі болып өсуі тиіс», – деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар