Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласында рекордтық өнім жиналды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде Түркістан облысында 3,3 млн тонна өнім жиналды -деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Түркістандағы «Конгресс Холл» ғимаратында табысты жыл қортындыланып, «Altyn kúz-2021» мерекелік іс-шарасы өтті.

Алдымен Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Жұртшылыққа осы саладағы жетістіктер мен өнімдер, ғылыми ізденістер көрсетілді.

Одан кейін салтанатты жиын өтіп, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев барша диқандар мен малшыларды, агросала өкілдерін ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтады.

«Өңірде мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Мал тұқымын асылдандыру ісі жанданды. Ет экспорты бойынша Түркістан облысы бірінші орынға шықты. Сонымен бірге суармалы жерді игеріп, көкөніс, бақша өнімдерін өсіруде де Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Сондай-ақ, облыс басшысы ауыл шаруашылығын дамыту бойынша агросала өкілдеріне, аудан әкімдеріне семинарлар өткізіліп жатқанын айтты.

«Іріленген әрі біріккен шаруа қожалықтары жаңбырлатып суғару технологиясын пайдаланып, мол жетістікке жетуде. Ал бірікпеген, орташа шаруа қожалықтары үшін бір жерден жылына 2-3 өнім алу жобасы тиімді. Үй іргесіндегі жерін пайдаланушы ағайын тамшылатып суғару әдісін пайдалануда. Өңіріміз агросала бойынша елімізде алдыңғы қатарда келеді. Бірақ өнімділікті тағы 2-3 есе өсіруге мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығы үшін жыл табысты аяқталды, – деген өңір басшысы Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері арасындағы келісімге сәйкес биыл «Достық» каналына мол деңгейде су келгенін, осы арқылы мақташылар жоғары түсімге қол жеткізгенін де атап өтті.

Облыста каналдар жөнделіп, жаңа су қоймалары салынып жатқанын айтып, Түркістанның жан-жағына су жеткізіліп, қала жасыл шаһарға айналатынына сенімді екенін жеткізді.

Нағыз еңбек адамдарының мәртебесі асқақтаған жиында өңір басшысы бір топ азаматты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы үздігі» төс белгісімен марапаттады. Түрлі салада үздік атанған аудан, қала әкімдеріне де құрмет көрсетілді. Сонымен бірге салтанатты жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев озат агроқұрылым өкілдерін марапаттаса, бір топ БАҚ өкіліне Ауыл шаруашылығы басқармасының алғысхаттары тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар