Түркістан облысының әкімі Өзбекстандық делегациямен кездесті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат  - Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күніне арналған мерекелік шара аясында Өзбекстан Республикасынан келген делегация өкілдерімен және ҚР Парламенті депутаттарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің және Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Мәжілісінің депутаттары, көрші елдің Министрлер кеңсесі Халықаралық байланыстар және шет мемлекеттермен достық байланыстар орнықтыру кеңесінің мүшелері, Өзбекстанның зиялы қауым өкілдері және ҚР Ш.Шаяхметов атындағы ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекшісі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері қатысты.

Кездесу барысында  алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы Өзбекстаннан келген қонақтарға екі бауырлас елдер арасындағы рухани, мәдени, экономикалық байланыстардың нығая түсетінін жеткізді. Бауырлас өзбек халқы іргелес жатқан қоңсы ғана емес, етжақын ағайын екенін атап өтті.

«Соңғы 1,5 жылдың ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында достық байланыстар бекіп, жаңа деңгейге көтерілді. Теміржол тасымалы 44 пайызға артып, тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдарында егіздің сыңарындай болған елдердің басшылары талай толымды кездесулер өткізіп, бауырластықтың бүтіндігін, көршілік байланыстың кемелдігін көрсетті. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-экономикалық байланыстарды нығайту Сіз бен бізге жүктеліп отырған асыл міндет. Осы орайда алдағы уақытта бірлесе атқаратын ауқымды іс-шаралар жетерлік деп ойлаймын», - деді Жансейіт Түймебаев.

Өзбекстаннан келген делегация атынан Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Мәжілісінің депутаты Расул Кушербаев сөз сөйлеп, облыс басшылығына өзбек халқының ұлттық құндылықтарын ұлықтауға арналған айтулы шараны қолға алып жатқанына алғыс білдірді. Сондай-ақ, ҚР өзбектерінің «Достық» қауымдастығы облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлын «Қоғам Белсендісі» төсбелгісімен марапаттады. 

Соңғы жаңалықтар