Түркістан облысының әкімі көшбасшы жастармен кездесу өткізді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев еліміздің көшбасшы жастарымен бейресми кездесу өткізді. Басқосуда аймақ басшысы жастардың ой-пікірін тыңдап, сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі  жастардың жеткен жетістіктері мен шешуді қажет ететін түйіткілдер әңгіме арқауына айналған басқосуда Жансейіт Түймебаев жас буын өкілдерін елдің дамуына өз үлесін қосып, белгілі-бір  іспен айналысуға шақырды. Жасандылықтан  аулақ жүріп, үш тілде білім алу қажеттігін атап өтті. Өзінің студенттік кезін еске алған әкім  жақсы әдеттерге сол жастық шақтан  бейім болу керектігіне тоқталды. Ал, келер жылы Түркістанда ірі көлемді халықаралық іс-шаралар өтетінін атап өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Қазіргі таңда Жастар жылын өткізу жөніндегі ел Үкіметі жол картасын әзірлеуде. Бұл жобаға Түркістан қаласында өтетін ірі көлемді халықаралық іс-шаралар енгізілуде. Мәселен, келер жылы Орталық Азия елдері жастарының форумы, Түркітілдес мемлекеттер жастарының конгресі ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ облыстағы әр ауданның белсенді жастары ай сайын «Түркістанға тарту» атты шығармашылық шаралар өткізілмек», - деді Жансейіт Түймебаев.

Жиында өңірдің белсенді жастары  мен Қырғызстан Республикасынан келген студенттер сөз сөйлеп, замандастарына  жан-жақты жағдайлар жасалып жатқанына алғыс білдірді. Мәселен, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы спортшыларының жетекшісі, тоғызқұмалақтан әлемнің 7 дүркін чемпионы Әсел Дәлиева жеткен жетістіктерін жастарға көрсетілген қолдаумен байланыстырады.

«Қазіргі таңда өңіріміздің жастары түрлі салалардағы байқаулар мен сайыстарда биік белестерді бағындырып жүр. Бұл ретте, жастарға жасалып жатқан қолдаудың маңызы орасан зор. Бүгінде жатықтырушының да қызметін қоса атқарудамын. Мұның барлығы Сіздің біздерге деген сеніміңіз, жас спортшылардың бойына артылған үлкен үміт. Облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуы тоғыз құмалақ спорт түрінің одан ары жандануына мүмкіндік беретінін айтқым келеді», - деді Әсел Дәлиева.

Жиынға қатысқан жастар, сондай-ақ қазіргі таңда өздерін  қандай мәселелер мазалап отырғанын жеткізді. Айта кетейік, Түркістан қаласында басталған жастар форумы «Терең тарихтан - жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс турнирімен бастау алды. Сондай-ақ форум қатысушылары Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесі, Сауран қалашығы және Отырар ауданындағы «Арыстан баб» кесенесі, «Руханият Әбу-Насыр Әл-Фараби» мұражайы, «Көне Отырар төбе» қалашығын аралап, тарихымен танысады деп күтілуде. Бұдан бөлек, форум аясында жастарға арналған «IntellectGAME» зияткерлік ойындары және халықаралық «Жайдарман» сайысы өткізілмек. Оған Қырғыстан, Өзбекстан, Башқұрстан, Татарстан, Түрікменстан, Түркия Республикаларының құрама командалары және еліміздің әзілкештері қатысады деп жоспарланған.

 

Соңғы жаңалықтар