Түркістан облысының әкімдігі мен басқармалар қыркүйек айында Түркістанға көшіріледі

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан облысында облыстық мәслихаттың алтыншы шақырылымының кезектен тыс жиырма жетінші сессиясы өтті. Онда өңірдің таяуда бөлініп, қайта құрылған Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандарының шекаралары бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен екі ауданның бөлінуі халқы тығыз орналасқан аумақ үшін маңызды екеніне тоқталды.

«Өткен аптадағы Үкіметтің отырысында аталған аудандардың шекарасын бекіту туралы ұсынысымыз қабылданып, бүгін мәслихаттың сессиясында бекітіп отырмыз. Бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Қайта құрылған Сарыағаш ауданының аумағы 417 мың гектарды құраса, жаңадан құрылған Келес ауданының шекарасы 345 мың 129 гектарды, Жетісай ауданының аумағы 104 мың 600 гектарды, ал Мақтаарал ауданының көлемі 80 мың 760 гектарды құрайтын болады. Осыған орай, аудан әкімдеріне тиісті жұмыстарды қолға алып, ұйымдастыруды тапсырамын»,-деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы облыс орталығы - Түркістан қаласына көшу бойынша қызу жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, қыркүйек айында барлық басқармалармен бірге көшетінін жеткізді. Ол үшін шілде, тамыз айларында әкімдікке қарасты мекемелер мен мәслихат аппараты орналасатын ғимараттар дайындалатынын атап өтті. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жоғарыда аталған жұмыстарды бірлесе ұйымдастырып, Түркістан қаласына көшуге бір кісідей атсалысуға шақырды.

Сессияның барысында бірқатар халық қалаулылары «Астанаға 20 жыл» мерекелік және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олардың қатарында Серікжан Сейтжанов, Есей Өркен, Әсет Қайыпбеков, Қайрат Сапарбаев, Мұрат Төлтебаев, Қайрат Сүлейменов, Бекасыл Төлендиевалар бар. Ал облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Рабиға Қуатбекова, Зуппархан Чалданов, Айнаш Сатиевалар марапатталды.

Соңғы жаңалықтар