Түркістан облысындағы жаңа ауданда Арбат салынуда

None
None
КЕЛЕС. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жаңадан құрылған Келес ауданы орталығында Арбат ашылады. Демалыс орны Жастар жылына орай жастардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізу және жанұялық демалысқа жағдай жасау мақсатында салынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімі Ақментай Есбаев аудан орталығы Абай ауылында ашылатын арбаттың заманауи үлгіде және көрікті демалыс аймағы болатынын айтады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүріп жатқан жол құрылысының барысымен танысқан әкім, сондай-ақ алдағы уақытта жастар үшін арнайы веложолақ пен скейтборд алаңшары құрылатынын жеткізді. Бұл мақсатта арнайы жер телімі қаралып, құрылыс орнының жобасы жасалуда.

Ақментай Есбаев бұдан бөлек, аудан орталығындағы жол құрылысы жүріп жатқан көшелерді аралап, мердігерлердің жұмысына қатысты сын айтты. Көше бойына суағар орнату жұмыстарының мардымсыздығы нәтижесінде құрылғылары сапасыз қойылып, көркін бұзған. Аудан басшысы мердігерлік компания өкіліне қатаң ескерту беріп, оны қайта жасауды талап етті.

Айта кетейік, Абай ауылының 27,7 шақырымды құрайтын 23 ішкі көшесін орташа жөндеуге 1134,5 млн теңге қаржы бөлінген. Ауданның 43,9 шақырымдық 30 ішкі көшесін орташа жөндеуге 2020 жылға 745,7 млн теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар