Түркістан облысындағы таулы аймақтарда жылу беру маусымы 15 сәуірге дейін жалғасады

None
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы таулы аймақтарда жылу беру маусымы 15 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысындағы Сайрам ауданында жылу беру маусымы 22 наурызда аяқталды. Қалған 12 аудан, қалада – 1 сәуірге дейін, ал таулы аймақта орналасқан 4 ауданда 15 сәуірге дейін жалғасады деп күтілуде.

Жылыту маусымының өту барысы талқыланған жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен жауапты басқармаға алдағы жылыту маусымына дайындықты қазірден бастауды және жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырды.

«Өткен жылы кездескен кейбір кемшіліктер қайталанбауы қажет. Облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына жүйелі мониторинг жүргізуді тапсырамын. Көмірдің қажеттілігі бойынша дұрыс ақпарат беріліп, жеткізу жұмыстары бақылауға алынсын. Бюджеттік мекемелерге қажетті қатты отын жеткізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жедел өткізілгені жөн. Бұл мәселе облыс әкімдігінің қатаң бақылауында болады», – деді Дархан Сатыбалды. Сондай-ақ, облыс әкімі елді мекендерді газдандыру және жылу қазандықтарын жаңарту жұмыстарын да жүйелеу керектігіне тоқталды.

Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің мәліметінше, облыста 1 жылу электр орталығы және 25 орталықтандырылған жылу қазандығы бар. Биыл қаңтар айында облыс аумағында күн райы күрт суытуынан орталық қазандықтардың кейбірінен ақау шыққан. Шұғыл авариялық бригадалар жұмыс істеп, ақаулар дер кезінде қалпына келтірілді.


Соңғы жаңалықтар