Түркістан облысындағы таулы аймақтарда су тасқынының алдын алу жұмыстары күшейтілді

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы таулы аймақтарда су тасқынының алдын алу жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде облыс аумағындағы өзендердің деңгейін бақылау үшін 14 гидробекет құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Жағдай тұрақты, дегенмен аэровизуалды шолу жұмыстары барысында Қаратау жоталарында әлі де қар қорының мол екендігі және Сырдария өзенінде мұздың қалыптасуы байқалған.

Ал, «Қазгидрометтің» хабарлауынша, 10 ақпанға дейін жауын-шашын түсіп, ауа температурасы жоғарылауы мүмкін. Су деңгейінің көтерілуі де ықтимал. Аталған мәселеге байланысты Түркістан облысының әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен жауапты басшыларға тасқынның алдын алу жұмыстарын күшейтуді, қадағалауды тапсырды.

«Біз су тасқынының алдын алу жұмыстарын жылыту маусымынан бері бері айтып келе жатырмыз. Тапсырмалар берілді. Бірақ кейбір елді мекендерде олқылықтар анықталды. Әсіресе Сауран ауданында. Әрине жалпы аудан, қалалар апаттың алдын ала білді. Бірақ дайындықты тоқтатпау керек. Әсіресе, Төлеби, Қазығұрт, Келес, Сарыағаш аудандарында жұмыс күшейтілуі тиіс. Қосымша техника қажет болса, шұғыл хабарлаңыздар», – деген Дархан Сатыбалды елді мекендерді қалпына келтіру бойынша комиссия жұмысын жандандыруды, шығындарды бағалау жұмысын жедел атқаруды тапсырды.

Еске сала кетейік, өңірдегі Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауын-шашыннан көшелер мен аулаларды су басқан еді.

Тасқын су Сауран ауданындағы елді мекендерге қауіп төндірді. Су тасқынына байланысты Сауранда мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті және 7 балабақша жұмысын тоқтатты.

Өңірде көлігімен тасқын су ортасында қалып қойған тұрғындар құтқарылды.

Тұрғындар үшін «жедел желі» іске қосылды.

Кеше Түркістан облысының су басқан аудандарын әуеден барлап шыққан Төтенше жағдайлар министрлігі ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

Осыған дейін Түркістанда әлеуметтік дүкендер саны 13-тен 50-ге дейін көбейетіні хабарланды.

Түркістанда әлеуметтік дүкендер саны 13-тен 50-ге дейін көбейеді: 2023 жылғы 6 ақпан, 20:55 - inform.kz жаңалықтары


Соңғы жаңалықтар