Түркістан облысындағы су тасқынына байланысты жедел желі іске қосылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы су тасқынына байланысты жедел желі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтеншежағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда су тасқынымен байланысты жедел желі телефондары жұмыс істейді: Астанада - 87172533284; Түркістан облысында - 87253357881.

Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесінде жол төсемін су шайды. Су тасқынына байланысты облыстық маңызы бар «Көксаят-Ақсу-Саян-Мыңбұлақ-М-32», 118-136 км 117-179 автожолы жабылды.

Су тасқынының салдарымен күресу үшін Түркістан облысына Шымкент қаласының ТЖД күштері мен құралдары жіберілді.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 3 ақпанда облыстың басым бөлігінде жауын жуып (жаңбыр, қар), ауа температурасы көтеріліп, қар тез ериді, еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі мүмкін.

Бүгін, 2 ақпан күні сағат 08:00-ден бастап таулы аудандарда қар еріп, жауын-шашынның көп түсуіне байланысты су деңгейі көтерілгенін жаздық. Салдарынан Кентау және Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Ордабасы және Сауран аудандарында аулалар мен көшелер су астында қалды.

Сондай-ақ тасқын су Сауран ауданындағы елді мекендерге қауіп төндіріп тұрғаны хабарланды.

Түркістан облысының үш ауданында 6 көшені су басқаны айтылды.

Өңірде көлігімен тасқын су ортасында қалып қойған тұрғындар құтқарылды.

Сауран ауданында 7 балабақша жұмысын тоқтатты.

Түркістан облысының әкімі тасқын су кірген елді мекен тұрғындарымен кездесті.

Кентау қаласы мен Сауран ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін жаздық.


Соңғы жаңалықтар