Түркістан облысындағы «Мектебіңе домбыра сыйла» эстафетасы келесі ауданға жолданды

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түлкібастан бастау алған «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясы өзге аудандарға эстафета ретінде ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Домбыра күні қарсаңында түлкібастықтар «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясын қорытындылады. Іс-шарада елуден астам жас домбырашы күй шертіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сөйтіп, «Мектебіңе домбыра сыйла» эстафетасы Сауран ауданына табысталды.

«Жалпы, өткен жылы Ұлттық домбыра күнінде «Домбыра үнімен бой көтерген жаңа Сауран» атты күйшілер флешмобын ұйымдастырған болатынбыз. Қазақ үшін қасиетті мекен болып есептелетін көне шаһарда өткен шараның басты мақсаты – қазақтың күйі арқылы тарихы терең, талай ғасыр бойы сырын ішіне сақтаған Сауран қалашығының жаңа таңы атқанын, енді ғана құрылған Сауран ауданының жаңа дәуірі басталғанын насихаттау еді. Биыл да бұл іс-шаралар жалғасын тауып жатыр. Эстафета аясында алған домбыраны мектеп басшыларына табыстаймыз. Әр мектепте аталған акцияны жалғастырып, ұлттық аспапты ұлықтаймыз», - дейді Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибеков.

Айта кетейік, аталған акция ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбайдың ұсынысымен қолға алынған еді. Ауданға келген сапарында ұстаздармен кездескен халық қалаулысы ұлттық аспапты ұлықтау жөнінде ой тастайды. Идеяны құп көрген Састөбе ауылының А. Макаренко атындағы мектебінің түлектері акцияны алғаш болып өткізеді.

Өткен жылдың аяғында бастау алған акция барысында Түлкібас ауданындағы мектептерге 400-ге жуық домбыра сыйға тартылды. Мектептің түлектері мен депутаттар, кәсіпкерлер, ардагер ұстаздар мен ауыл тұрғындары акцияға белсенді қатысты.


Соңғы жаңалықтар