Түркістан облысындағы мекемелерде «Адалдық сағаты» өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы барлық мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қызметкерлерінің арасында бірыңғай «Адалдық сағаты» өтті.

Екі күндік шараны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызметкерлерді парасаттылық пен әділдікке үндейтін шараға облыстағы барлық аумақтық департаменттердің жеке құрамы, аудан-қала әкімдері мен аппарат басшылары, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағалары мен ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты. Оларға дәріс оқыған Әдеп жөніндегі уәкілдер мен аудан, қала әкімдері ауқымды реформаларды іске асыруда мемлекеттік аппараттың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Мемлекеттік қызметтің басты миссиясы – халыққа адал қызмет көрсету және ел мүддесі жолында қалтқысыз қызмет ету екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ел экономикасын тұралатып, қоғамға қауіп төндіретін көлеңкелі қылмыс түрі – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қажеттігін тілге тиек етті.

Ұжымды пара алу мен пара беру деректерінен алшақ болуға және Қазақстан халқына берген антына берік болуға шақырды. Жиын соңында қатысушылар назарына арнайы әзірленген бейнеролик көрсетіліп, адалдық – адамдықтың ең биік шыңы екендігі жіті түсіндірілді.

Айта кетейік, облысқа қарасты 517 мекемені қамтыған «Адалдық сағатына» жалпы саны 17 мыңнан астам адам қатысты.

Соңғы жаңалықтар