Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылының жастары «Жигулиді» сәнге айналдырды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылында «Жигули» көлігінің небір түрін кездестіруге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында Қарабұлақ атты ауыл бар. Сайрам ауданына қарасты бір ғана елді мекенде 70 мыңға жуық адам тұрады. Баршасы да еңбекқор. Несібесін Жер-Анадан іздеген диқандар мен мал шаруашылығынан мол пайда тауып отырған кәсіпкерлердің дені осында қоныстанған. Ауылдағы ең басты ерекшеліктің бірі – жергілікті тұрғындардың көпшілігі «Жигули» маркалы автокөлік мінетіндігінде.

«Жигули – біздің ауылдың бренді. Әсіресе, жастар сәндеп, тюнинг жасап мініп жатады. Үйлену тойларында ретро көліктермен кортеж жасап жүреді. Ең алғашқы шыққан «ВАЗ-2101», «ВАЗ-2102», «ВАЗ-2106», «ВАЗ-2107» маркалы көліктерге замануи жарық орнатып, бояп, әйнектерін сәндегенде кейбірін танымай да қаламыз», - дейді ауыл тұрғыны Бабыр Хасантаев.


Шынында, Қарабұлақта бұл көлік маркасының көптеген түрін кездестіруге болады. Таксиге де тиімді, жүк артсаң да жеңіл қимылдайды. Ең бастысы, шаруашылыққа қолайлы. Қосылқы бөлшектері қолжетімді әрі шығыны да аз. Сондықтан болар, мұндағы көпшілік оны «мал табар» көлік санайды.

Мәселен, ауыл тұрғыны Зафаржан Камалов ес білгелі «Жигули» көлігін мініп келеді. Қазір көлік тізгіндегеніне де 20 жылға жуықтапты. Осы кезеңде Шымкент, Қызылорда, Ташкент қалаларына жолаушылар тасыған. Ауыл арасында 1 тоннаға дейін жүк артып, жерлестерінің үйіне жеткізіп берген кездері де көп.


«Маған қолайлы көлік. Өзім кез келген кезде жөндеп ала аламын. Тіпті, кей кездері сынған жерлерін сыммен, жіппен байлап та жүре беретін кездерім болды. Сондықтан, тілін түсінген адамға жақсы көлік», - дейді ол.


Ал, ауыл жастарының бірі Ғайбиддин Исамовтың «Жигулиі» – ауылдағы ең қымбат көліктің бірі. 1975 жылы шыққан «ВАЗ-2101» маркалы автосына қосалқы бөлшектер орнатып, қуаттылығын арттырған. Ерекше түске бояп, төбесіне люк орнатқан. Терезелері тетік арқылы ашылып, жабылады. Ал, төрт дөңгелегі автоматты түрде жоғары-төмен қозғалады. «01» маркалы көлігіне 001 мемлекеттік номерін арнайы сатып алған. Бір сөзбен айтқанда, бозбаланың мініп жүрген көлігі ешқандай шетелдік иномаркадан кем емес.


«Менде «ВАЗ-2101» көлігінің екеуі бар. Бірі 1975 жылы, екіншісі 1984 жылы шыққан. Екеуінің де жағдайы жақсы. Алғашқысын Ақтау қаласынан алып келдім, ал екіншісін, ауылдан сатып алдым. Көшеде қызығушылықпен тоқтататындар көп. Бірі моторын көрсе, бірі дөңгелегіне қызығып жатады. Қымбат бағалап, сатуымды сұрағандар да болды. Бірақ, ешбіріне келіспедім. Біз бұл көліктермен тойларға тапсырыс қабылдаймыз. Кортеж жасап, қалыңдықты алып келеміз», - дейді ол.

Жалпы, Қарабұлақта сәнге айналған көліктің бағасы да «ұшып» тұр. Ең арзаны 1 млн теңгеден кем емес. Ал, жағдайы жақсылары 2 млн теңгенің үстінде тұрады.




Соңғы жаңалықтар