Түркістан облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы - министр

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан мен Кентауда атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің сөзінше басқа өңірлермен салыстырғанда Түркістан облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы. Жыл басынан бері облыстағы кәсіпорындардан шығатын ластаушы зат шығарындысының көлемі де төмендеген.

«Біз облыстың экологиялық мәселелеріне талдау жасадық. Олар атмосфералық ауаның ластануы, қалдықтарды басқарудың жетілмеген жүйесі және ескірген кәріз тазарту құрылғылары. Жалпы экологиялық мониторинг нәтижелері Түркістан мен Кентау қаласында атмосфералық ауасының ластану деңгейі жоғары екендігін көрсетті»-деді Серікқали Брекешев.

Кездесуде Кентау және Түркістан қалаларының тазарту құрылғылары қанағаттанарлықсыз жағдайда екендігі де айтылды. Ал Ордабасы, Бәйдібек, Келес, Қазығұрт және Мақтаарал сияқты 5 аудан орталығында кәріз тазарту құрылғылары жоқ.

«Тазарту құрылғыларына жөндеу және қайта құру жұмыстарын жүргізу қажет. Қайта құру мәселесі айтарлықтай қаражатты талап етеді»-деді министр.


Соңғы жаңалықтар