Түркістан облысындағы блокпостарда 12 қылмыс тіркеліп, 11 адам қамауға алынды
Ұсталғандар - Алматы мен Шымкент қаласында жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар.
Олардан айғақты зат ретінде қару мен тоналған мүліктер тәркіленген. Жалпы 25 000-нан астам автокөлік тексеріліп, оның 200-ге жуығы айыптұраққа қойылған.
«Бүгінгі таңда Түркістан облысы аумағындағы жағдай тұрақты. Облыс полицейлері 100 пайыз қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылып, сырқаттанып жатса да сын сағатта әріптестерімен бірге қызмет етті», – дейді Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков.
Жетісай ауданындағы блокпоста қолға түскен үш жолаушыдан түрлі үлгідегі 11 ұялы телефон, 2 ноутбук пен зарядтау құрылғысы тәркіленген.
Сонымен қатар, Түркістан облысының тағы екі тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді.
Қазығұрт АПБ қызметкерлері Алматы-Термез-Ташкент тасжолындағы Ақтас блокбекетінде «Тойота» маркалы автокөлікте тапаншамен жүрген Сарыағаш және Келес аудандарының 4 тұрғынын ұстаған.
Қазір күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Сондай-ақ, полиция генерал-майоры жаппай тәртіпсіздік кезінде Жетісай, Арыс, Сарыағаш аудандарындағы, Кентау және Түркістан қалаларында бірқатар азаматтар жиналып, бүлік шығаруға тырысқанын айтып өтті.
«Мәселен, облыс орталығында 500-ден астам адам көшеге жиналып, жолдарды, сондай-ақ теміржолдарды жаппақшы болған. Нақты және жедел іс-әрекеттердің арқасында Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері шұғыл қимылдап, жаппай тәртіпсіздік пен заңбұзушылыққа мүлде жол бермеді»,- деді Қ.Дәлбеков.