Түркістан облысындағы 865 шақырым жолдың мерзімінен бұрын тозу қаупі бар
2022 жылғы 8 тамыз 16:19

Түркістан облысындағы 865 шақырым жолдың мерзімінен бұрын тозу қаупі бар

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда облыстық маңызы бар 200 шақырым жол ауыр жүк көліктерінің талаптарды сақтамауынан жарамсыз жағдайға түсіп отыр. Тағы 865 шақырым жолдың мерзімінен бұрын тозу қаупі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жолдардың басым бөлігі Сайрам, Ордабасы, Арыс, Қазығұрт, Сауран аудандарында орналасқан. Жыл басынан бері жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде заңды бұзған компанияларға 151 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы тарапынан жасалған талдау көрсеткендей, өңірдегі 160 карьердің 20-сында ғана таразы бар. Ал, қалған 140 карьерде бақылау-өткізу пунктері, жөнелтілетін және келіп түсетін жүктің сапасы мен массасын анықтайтын таразы мен басқа да жабдықтар қарастырылмаған.

«Заңсыз тасымал, жолаушылар қауіпсіздігіне қатысты шағымдар көбейді. Жол полициясы мен көліктік бақылау инспекциясы тарапынан олардың бәрі тексерілуі тиіс. Жолдың сапасын бұзатын ірі жүк көліктеріне де қадағалау күшейтілсін. Әр карьер маңында жүктің салмағын өлшейтін таразысы болуы керек. Жолаушылардың қауіпсіздігі, жолдың сапасы бойынша рейдтер жалғасқаны жөн», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осы мәселеге қатысты өткен мәжіліс барысында.

Өңірде ендігі кезекте өзеннен тас таситын ауыр салмақты автокөліктер де жаппай тексерілмек. Карьерлерде салмақ өлшейтін таразының орнатылуы қатаң қадағаланады. Заң бұзушылық жасағандардың ісі құзырлы органдарға жолданады.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT