Түркістан облысында зиянды энергетикалық сусындар сатылымнан алынды
2022 жылғы 30 маусым 22:39

Түркістан облысында зиянды энергетикалық сусындар сатылымнан алынды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында зиянды энергетикалық сусындар сатылымнан алынды. Қазіргі таңда зиянды өнімдерді дүкенге жеткізіп берушілер анықталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қарасты аудандық басқармалар тарапынан энергетикалық сусындардың құрамын зерттеуге мониторинг жүргізілді. «Flash upEnergy» және «Monster Energy» алкогольсіз, энергетикалық сусындары зертханалық зерттеуге алынып, нәтижесінде «Monster Energy» сусынының құрамынан адам денсаулығына қауіпті консервант-натрий бензоатының (Е211) мөлшерден тыс қосылғандығы анықталды. «Кеден одағының «Тағамдық қоспалар, хош иістендіргіштер қауіпсіздігінің талаптары және технологиялық қосалқы құралдар» 029/2012 техникалық регламенті талаптарына сәйкес, рұқсат етілген норма мөлшері 150 мг/л аспауы тиіс.

Алайда сараптамаға алынған сусындардың ішінде өндіруші компаниясы «Refresco Benelux B.V» болып табылатын, өндірілген мерзімдері 11.2021ж-11.2023ж, 03.2022ж-03.2024ж, 02.2022ж-02.2024ж аралығындағы «Monster Energy»-дің құрамынан натрий бензоаты 165-173 мг/л мөлшерде қосылғандығы белгілі болды»-дейді Түркістан облысының СЭБД баспасөз хатшысы Ардақ Берден.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары тарапынан дүкен иелеріне аталған сусынның жоғарыдағы партияларын сауда сөрелерінен алып тастау жөнінде ұйғарым берілді.

«Натрий бензоаты (Е211 қоспасы) - консервант қасиетіне ие, дәмі мен иісі жоқ ақ ұнтақ. Консервант өнімнің сақтау мерзімін ұзарту үшін қолданылады. Мөлшерден тыс қолданылса адам ағзасына өте зиянды, псевдо-аллергиялық реакциялар тудырады. Сондай-ақ, ферменттердің түзілуін және майлардың бөлінуін бұзады, қартаю процесін тездетеді, бауыр циррозы, паркинсон ауруы, бүйрек жеткіліксіздігі, нейродегенеративті ауруларға соқтыруы әбден мүмкін» - дейді Ардақ Берден.

Сондай-ақ мамандар балаларға құрамында Е211 консерванты бар өнімдерді қолдану мүлдем ұсынылмау керектігін айтуда. Себебі, ол зейіннің төмендеуіне, назардың жетіспеушілігіне, гиперактивтіліктің, зияткерлік қабілеттердің әлсіреуіне алып келеді екен.

Сурет: www.theregreview.org
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT