Түркістан облысында жылыжайдағы өнімі үсіп кеткен шаруаларға жеңілдікпен несие берілуі мүмкін

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жылыжайлары жарамсыз күйге түскен шаруаларға жеңілдетілген несие берілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы өңірдегі жылыжайлардың 94 пайызы фермерлік қолдан жасалған жеңіл конструкциялы болғандықтан қалың жауған қардың салмағын көтере алмаған.

Нәтижесінде 167 тауар өндірушінің 37 гектарды құрайтын жылыжайы жарамсыз күйге түскен.

Ал, көмірдің тапшылығынан 9 гектарды құрайтын 3 өнеркәсіптік жылыжайдың өнімдерін үсік шалған.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша бүгінгі күні шаруаларға қолдау көрсетіп, көмек беру жұмыстары жүріп жатыр.

«Мемлекет тарапынан жылыжай тауарын өндірушілердің қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің (несие қаржы) өтеу мерзімдерін ұзарту мүмкіндігі қарастырылуда. 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жұмысы да зерделенеді. Жалпы басқарма тарапынан жылыжай шаруашылықтарын қолдау шаралары бойынша министрлікке нақты ұсыныстар жолданды. Оның ішінде жылыжай кешендерінде пайдаланылған энергия көздерінің (электр энергиясы, газ) 50%-ын субсидиялау, жылыжайларға қажетті әлеуметтік көмір отынын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ арқылы мерзімінде тікелей жеткізу жолдарын қарастыру көзделген», – деді Нұржігіт Мырзахметов.

Айта кетейік, жалпы өңірде 1500 гектардан астам жылыжай бар.

Бұдан алдын мол жауған қар түркістандық 167 шаруаның жылыжайын жарамсыз күйге түсіргенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, көмір тапшылығынан Түркістан облысында жылыжайдағы өнімдер үсіп кеткен болатын.


Соңғы жаңалықтар