Түркістан облысында жыл басынан бері өндіріс барысында 13 адам қайтыс болды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында биылғы жылдың 9 айында ұйымдар мен мекемелерде өндіріске байланысты 46 жазатайым оқиға тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы оқиғалар барысында 67 адам жарақат алып, 13-і қайтыс болды. Бұл өткен жылмен салыстырған 2 есе көп. Жарақаттың көбею себебінің бірі жұмысшылар арасында еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы туралы ақпараттың жеткіліксіздігі болып отыр.

Өндіріс барысындағы жарақатты азайту шаралары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, жергілікті атқарушы органдағы басқармалар басшылары, әлеуметтік серіктестер өкілдері мен өңір кәсіпорындары басшыларының қатысуымен өткен кездесуде талқыланды.


Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы бастаған делегация бірқатар құрылыс және өнеркәсіп орындарын аралады. Отырыста жарақат алуға еңбек және өндірістік тәртіпті бұзу, қауіпсіз жұмыс тәсілдеріне оқытудың аздығы, жұмыс орындарын ұйымдастырудағы кемшіліктер себеп болатыны айтылды.

Жұмыс берушілердің қоғамдық жауапкершілігін арттыру үшін өндірістегі жазатайым оқиғаларға қатысты арнайы тергеу аяқталғаннан кейін қорытынды деректі аумақтық тиесілігі бойынша үшжақты комиссияға тапсыру қажет деген шешім қабылданды.

Өндірістік жарақаттардың алдын алу және ескерту тұрғысында қосымша шаралар әзірленбек. Еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу, жұмыс жағдайының қауіпсіздігін арттыру және Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының «VizionZero» тұжырымдамасын насихаттауды күшейту қажет.

Кездесу соңында 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттар мен зиянды еңбек жағдайы бар жұмыс орындарын қысқартудың Жол картасын іске асыру бойынша іс-қимылды ширату тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар