Түркістан облысында жыл басынан бері еңбек шартына қатысты 734 шағым түскен

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында биылғы 8 айда еңбек инспекциясы басқармасына еңбек шартына байланысты 734 азаматтан арыз-шағым түскен. Бұл туралы басқарма басшысы Берік Ибадуллаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының сөзінше, мекемелер мен кәсіпорындарда 192 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде барлық шағымданушыларға заң аясында уақытылы тиісті жауап берілген.

Дегенмен Берік Ибадуллаев еңбек шартының бұзылуына байланысты шағымдар саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,8 пайызға кемігенін айтады.

«Биыл келіп түскен шағымдарда көбіне жалақы төлеу мерзімінің, еңбек шартының, жұмыс уақыты нормасының бұзылуы және еңбек демалысын уақытылы бермеу мәселелері көтерілген. Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде 208 заң бұзушылық анықталған. Оның 186-сы жойылып, заңға сәйкестендірілді. Қалғандарына қатысты орындау мерзімі бар», – дейді Берік Серікбайұлы.

Басқарма басшысы сондай-ақ, 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында облыс мекемелері мен кәсіпорындарында жалақыны заңмен белгіленген мерзімнен кешіктіріп төлеген 5 жағдай анықталғанын атады.

Ал, өткен жылдан қордаланған және өтпелі жалақы қарызы бар 2 кәсіпорынның 22 жұмыскер алдында 41,7 млн теңге берешегі қалған.

«Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы бойынша 27 жағдай тіркелген. Мұндай заң бұзушылықтардың орын алуын жұмыс берушілердің және лауазымды жауапты қызметкерлерінің Еңбек заңнамасын елемеуі, оны оқып-үйренуге талпынбауы, жұмыс берушілердің осы мәселеге жеткілікті көңіл бөлмеуімен байланысты. Бұған, сондай-ақ, кейбір жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын қасақана бұзуы да кері әсерін тигізуде», - дейді Берік Ибадуллаев.


Соңғы жаңалықтар