Түркістан облысында жолдардың сапасына бақылау жүргізілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан және Кентау қалаларының автомобиль жолдарын салуға және жөндеуге бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау мақсатында кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілді. Аталған шара ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған «Түркістан Адалдық алаңы – Сапалы жол» жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақылау жұмыстары автокөлік жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және жолдарды жөндеу кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу мақсатында қолға алынды. Қоғамдық бақылау жұмыстарына Түркістан және Кентау қалалары бойынша жол саласына жетекшілік ететін қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық Арнайы мониторингтік топ мүшелері мен «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Е.Тұңғышбаев қатысты.

Сондай-ақ, қалалық «Nur Otan» партиясы филиалының сарапшылары мен облыстық «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» РМК мамандары, Түркістан және Кентау қалаларының «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің басшылары мен жауапты мердігер компанияның басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Кешенді мониторингтік бақылау жұмыстары барысында жол құрылысының талаптары тексеріліп, жылжымалы жол зертханалық көлігі жолдардың құрамы мен стандарты сараланды. Жаңадан салынған асфальт бетон жамылғысынан сынама алынды.

Мониторингтік тексеру жұмыстары кезінде Түркістан қаласындағы Қонаев көшесінің жол төселімінің тегістігі сметалық құжатқа сай келмейтіндігі анықталды. Көше бойларына орнатылған су ағарлар мен бордюрлардың, сондай-ақ темір бетонды плиталардың жарылғандығы белгілі болды. Жарылқапов көшесінің жол жиектерін толық қайта қалпына келтіру қажеттігі тіркеуге алынды.

Сондай-ақ, Кентау қаласында орналасқан Әль-Фараби, С.Сейфуллин және Панфилов көшелеріне жүргізілген арнайы бақылау жұмыстары барысында жаяу жүргіншілер жолағындағы асфальт бетон жамылғысының тегіс еместігі және көше бойындағы су ағарлардың бұзылғандығы тіркелді. Аялдамалар алдындағы жол жамылғыларының отырғандығы және орнатылған кейбір бордюрлардың бұзылғандығы бойынша бірқатар ақаулар анықталды. Салынған жолдардың сапасы сын көтермейтінін байқаған мамандар мердігерлер жұмысында анықталған көптеген кемшіліктер бойынша акт толтырып, мердігер мекеме басшыларына қайта жөндеуден өткізуге нақты тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар